​ТЕҢІЗ ДЕҢГЕЙІНІҢ КӨТЕРІЛУІ: Қандай елдер мен қалалар жойылуы мүмкін?

0
123

Біз бүгін көріп жүрген жерлерді келесі ұрпақ та көре ала ма?


​ТЕҢІЗ ДЕҢГЕЙІНІҢ КӨТЕРІЛУІ: Қандай елдер мен қалалар жойылуы мүмкін?

Сурет: vesti.az

Саяхат – жаңа жер көру, табиғаттың сұлулығын сезіну, әр елдің ерекше атмосферасын тану ғана емес. Саяхат – ғаламшарымызды қорғау, сақтау миссиясын да арқалайтын ритуал болуы тиіс.

Бірақ бүгінде әлемнің ең әдемі туристік бағыттарының бір бөлігі болашақта жоғалып кету қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Климаттың өзгеруі тек ауа райына әсер етіп жатқан жоқ. Ол теңіз деңгейін көтеріп, жағалаудағы қалалар мен аралдарға қауіп төндіруде. Ғалымдардың бағалауынша, ХХ ғасырда теңіз деңгейі жылына шамамен 1,4 мм көтерілсе, 2006–2015 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 3,6 мм-ге жеткен. Бұл өсім екі еседен астам. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2100 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрден астам көтерілуі мүмкін. Бұл әлемнің ондаған миллион адамына тікелей қауіп төндіреді.

Бір кезде туристер демалуға асығатын Мальдив аралдары, Венеция көшелері немесе Таиланд жағалаулары келешекте мүлде басқа кейіпке енуі мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, теңіз деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, XXI ғасырдың соңына қарай әлемнің көптеген танымал туристік орындары су астында қалу қаупіне ұшырайды.

Бұл мәселе тек табиғат тақырыбы емес. Бұл – болашақ саяхат картасының қалай өзгеретінін көрсететін үлкен ескерту.


Туристер армандайтын аралдардың тағдыры

Алдымен географиялық жағынан төмен орналасқан мемлекеттер зардап шегетіні түсінікті. Әлемдегі ең танымал демалыс орындарының бірі Мальдив аралдары – төмен орналасқан елдердің бірі. Көгілдір мұхит, ақ жағажайлар мен су үстіндегі виллалар жыл сайын миллиондаған туристі тартады. Алайда бұл жұмақ мекендердің басым бөлігі теңіз деңгейінен небәрі 1–2 метр ғана биіктікте орналасқан. Зерттеушілер есебі бойынша, 2100 жылға дейін Мальдив аралдарының шамамен 77%-ы су астында қалуы мүмкін. Бұл тек туризмге емес, сол елде тұратын халықтың өміріне де үлкен қауіп. Осындай қатер Кирибати, Тувалу және Маршалл аралдарына да төніп тұр. Кей сарапшылар болашақта бұл мемлекеттердің тұрғындары өз елін тастап көшуге мәжбүр болуы мүмкін екенін айтады.

Соңғы жылдары кейбір туристік компаниялар «жоғалып кетуі мүмкін жерлерге саяхат» бағыттарын ұсына бастаған. Яғни адамдар болашақта өзгеріп кетуі мүмкін табиғи орындарды көруге асығуда.


Су астында қалуы мүмкін әйгілі қалалар

Теңіз деңгейінің көтерілуі тек шағын аралдарға ғана емес, әлемдегі ірі мегаполистерге де қауіп төндіруде. Қытайда шамамен 43 миллион адам, Бангладеште 32 миллион, ал Үндістанда 27 миллион адам су басуы мүмкін жағалау аймақтарында өмір сүреді. Мысалы, Индонезия астанасы Джакарта қазірдің өзінде ең тез шөгіп жатқан қалалардың бірі саналады. Кей аудандар жылына бірнеше сантиметрге төмендеп барады. Сондықтан Индонезия билігі жаңа астана салу туралы шешім қабылдады.

Таиландтағы Бангкок та туристер көп баратын қалалардың бірі. Храмдары, көше тағамдары мен түнгі базарларымен танымал бұл шаһар да су тасқыны қаупімен күресіп келеді. Ал Бангладеш астанасы Дакка мен Нигериядағы Лагос қалалары халық санының көптігімен қатар, климаттық қауіпке ең осал аймақтардың қатарына кіреді.

АҚШ-тағы Флорида жағажайлары мен Нью-Йорк қаласы да қауіп аймағында. Әсіресе дауыл мен мұхит деңгейінің көтерілуі туристік инфрақұрылымға әсер ете бастады. Флоридада 36 қала теңіз деңгейінің көтерілуінен тікелей зардап шегеді.


Венеция: су үстіндегі қала үшін күрес

Осы мәселеге елеңдеулі Еуропадағы Нидерланды, Ұлыбритания, Германия, Дания және Италия сияқты елдер теңіз жағалауларын қорғау үшін ұзақ жылдан бері инфрақұрылымға инвестиция салып келеді. Бірақ климаттың күрт өзгеруі бұл елдерді де тығырыққа тіреуі мүмкін.

Италия аумағындағы Венеция – әлемдегі ең романтикалық қалалардың бірі. Каналдармен жүзіп, тарихи көшелерді аралау үшін мұнда жыл сайын миллиондаған адам келеді. Бірақ климат өзгерісі бұл қаланың болашағына да алаңдаушылық тудырып отыр.

Қазірдің өзінде Венецияда маусымдық су басу жиілеген. Қаланы қорғау үшін арнайы MOSE бөгет жүйесі салынды. Бұл жоба теңіз суын уақытша тоқтатуға көмектеседі. Дегенмен ғалымдар ұзақ мерзімде теңіз деңгейінің тұрақты өсуі тарихи қаланы сақтап қалуды қиындатуы мүмкін екенін айтады.


Ресей мен Каспий маңы: туристік аймақтарға қауіп

Ресей аумағында да теңіз деңгейінің көтерілуі бірқатар қалалар мен өңірлерге қауіп төндіреді. Олардың қатарында:

  • Санкт‑Петербург – Нева өзенінің жағалауында орналасқан, қаланы су басуынан қорғау үшін 25 км ұзындықтағы бөгет салынған. Бұл бөгет 4–5 метрлік дауылды толқындарға төтеп бере алады.
  • Архангельск, Северодвинск, Ростов-на-Дону – Солтүстік пен оңтүстік аймақтар да қауіп тобына кіреді.

Сочи – Қара теңіздің жағалауындағы қала, мұнда табиғи эрозия күшейіп келеді. Қаланың кей бөліктерін нығайту және дренаж жүйесін жетілдіру қажет.

Қырым – Ялта мен Судак сияқты теңіз жағалауындағы қалалар төмен орналасқандықтан, теңіз деңгейінің көтерілуі олар үшін де үлкен қауіп. Бөгеттер мен табиғи кедергілер жасау ұсынылуда.

Қара теңіз жағалауында эрозия күшейіп келеді. Кей жерлерде теңіз толқындары жағалауды біртіндеп шайып жатыр. Сондықтан инфрақұрылымды нығайту мен қорғаныс бөгеттерін салу мәселесі жиі көтеріледі.


Қазақстанға қауіп бар ма?

Қазақстан мұхитпен шектеспесе де, Каспий теңізі арқылы климат өзгерісінің әсерін сезінуі мүмкін. Ақтау, Атырау, Құрық сияқты қалалар теңізге жақын орналасқан. Бұл аймақтар тек өндірістік маңызға ғана емес, туризм үшін де маңызды бағыттардың біріне айналып келеді.

Соңғы жылдары Каспий жағалауында жағажай туризміне қызығушылық артып жатыр. Бірақ ғалымдар климаттық өзгерістер теңіз деңгейінің күрт ауытқуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Егер болашақта су деңгейі көтерілсе, жағалаудағы инфрақұрылым мен демалыс аймақтарына қауіп төнуі ықтимал.


Болашақ саяхат қандай болады?

Климаттың өзгеруі туризм саласына әсер етпей қоймайды. Теріс салдарлардың алдын алу үшін қазір әлемде экотуризм мен жауапты саяхат ұғымы кең тарала бастады. Туристер табиғатты ластамайтын бағыттарды таңдауға, көмірқышқыл газын аз шығаратын көлік түрлерін пайдалануға көбірек көңіл бөлуде.

Кей елдер жағалауларды қорғау үшін жасанды аралдар, бөгеттер және табиғи қорғаныс аймақтарын салуда. Ал кей туристік нысандар болашақта толығымен жабылып қалмас үшін қазірден бастап қайта бейімделіп жатыр.

Теңіз деңгейінің көтерілуі – алыс болашақтың мәселесі емес. Бұл қазірдің өзінде әлем картасын өзгерте бастаған шындық.

Саяхат адамға әлемнің сұлулығын көрсетеді. Бірақ дәл сол саяхат бізге табиғатты қорғаудың қаншалық маңызды екенін де еске салады. Ертең кеш болуы мүмкін жерлерді көруге асығудан бұрын, сол сұлулықты сақтап қалу туралы ойлану маңыздырақ. Өйткені болашақтағы ең үлкен сұрақтардың бірі мынау болуы мүмкін: біз бүгін көріп жүрген жерлерді келесі ұрпақ та көре ала ма?

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Вьетнам жайлы турагенттер айтпайтын 8 шындық

G7 елдері: әлемдік дамудың көшбасшылары