Адвокат алдымен қиғаның қалай болғанын айтып берген.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Жамбыл облысындағы жанармай құю бекетінде пышақталған Ресей азаматы Александр Ярцевтің мүддесін қорғаушы адвокат Закир Асадов ішкі істер министрі Ержан Саденовке ресми өтініш жасады. Ол Жамбыл облысының Мерке ауылындағы жанармай құю бекетінде мотоцикл жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасаған адамның туыстары жәбірленушіге қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.
Адвокат алдымен қиғаның қалай болғанын айтып берген. Асадовтың сөзінше, Ярцев досымен бірге Алматыға келе жатып, жол-жөнекей жанармай бекетіне тоқтаған. Жанармай құйып болған соң, мотоцикліне беттеген Ярцевтің артынан бір ер адам еріп келіп, бірнәрсе айта бастаған. Алайда Ярцев шлем киіп жүрген, құлағында музыка ойнап тұрған, сондықтан не айтылғанын естімеген. Ол тек бас изеп, «Не?» деп жауап қайтарған.
- Сол сәтте әлгі адам қалтасынан пышаққа ұқсас затты шығарып, байкердің арқа және іш тұсынан екі рет соққы жасаған. Жәбірленуші оқиға орнынан қашып құтылған. Артынан күдікті оның досына да шабуыл жасағысы келген, бірақ ол да аман құтылып кеткен. Кейін күдіктінің туыстары оны көлікке отырғызып, алып кеткен. Ал жарақат алған Ярцев жанармай бекетінің маңында есінен танып құлап, аудандық ауруханаға жеткізілген, дейді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, сол аудандық ауруханаға пышақтаған ер адамның туыстары келіп, Ярцевке қысым жасап, ешқандай шағымы жоқ екенін жазбаша көрсетуін талап еткен. Тіпті, сапасыз медициналық көмек пен осы қысымдардың кесірінен жәбірленуші Алматыға көшуіне себеп болған. Қазір ол Алматыдағы қалалық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Алайда сол жерде де күдіктінің туыстары оны тауып алып, палатаға кіріп, тағы да қысым көрсеткен.
Адвокат Асадов министр Ержан Саденовке арнайы өтініш жасап, Ярцевке медициналық мекемеде тәулік бойы күзет қоюды және күдіктінің туыстарынан қорғауды сұрады.
- Ол өз өмірі үшін алаңдайды, дейді адвокат.
Сонымен қатар, ол қылмыстық істі Жамбыл облысынан басқа аймаққа ауыстыруды сұрайды. Себебі күдіктінің барлық туыстары сол өңірде тұрады және тергеуге ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.
Адвокаттың пікірінше, бұл оқиға "бұзақылық" емес, "кісі өлтіруге оқталу" ретінде қарастырылуы керек.
- Видео жазбада шабуылдаушы адамның пышаққа ұқсас затпен адамның өміріне қауіпті аймақтарға соққы жасағаны анық көрінеді. Егер байкердің арнайы қорғаныс киімі болмағанда немесе қашып үлгермегенде, күдікті өз ниетін жүзеге асырар еді, дейді Закир Асадов.
Еске салайық, 14 сәуірде Меркіде мотоциклшіні бірнеше рет пышақтап кеткен ер адам ұсталған болатын. Жантүршігерлік жайт туралы әлеуметтік желіде белгілі болды.
- Өткен демалыс күндері Шымкентте мотомаусымның ашылуына келген мотоциклші қайтар жолда, Мерке ауданындағы жанармай құю бекетінде, күндізгі уақытта екі жерден пышақ жарақатын алды. Ендігі мәселе, оның жазадан құтылып кетпеуінде, делінген жазбада.
Бұл жайтқа қатысты ішкі істер министрі Ержан Сәденов пікір білдірді. Оның сөзінше, Жамбыл облысы Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде суық қару қолданылған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.