Ел тұрғындарына алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертілді.
ERNUR.KZ. Stopfake.kz мәліметінше, тараған аудио хабарламада “SIM картаның қызмет ету мерзімін ұзарту” ұсынылған адамдарды алдау схемасы жайлы айтылады, деп жазады inbusiness.kz.
“Пайдаланушылардың сөзінше, алаяқтар адамдарға қоңырау шалып, өздерін ұялы байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, оған SIM картаның мерзімі аяқталғаны және оны ұзарту үшін көрсетілген сілтеме бойынша өту керек дейді. Осылайша, алаяқтар банктердің қосымшаларына, ресми аккаунттарға және басқа да жеке мәліметтерге қол жеткізеді”, - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, ресейлік БАҚ осындай алаяқтық схемасы туралы былтыр жазған. Ол кезде “сим-картаны қолдану мерзімін ұзарту” үшін SMS-пен келген кодты айту керек болды. Осылайша, адамдар өздерінің жеке деректерін алаяқтарға беріп отырған.
Алаяқтардың арбауына түспес үшін не істеу керек?
“Мұндай алдау әдістері туралы 2023 жылы БАҚ-та хабарланды. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін SIM карталардың жарамдылық мерзімі жоқ екенін және банктік немесе дисконттық болсын, басқа карталардың жарамдылық мерзімі әрқашан карталарда жазылып тұратынын естен шығармаған жөн”, - деп жазады Stopfake.kz.