Бейнежазбада дене бітімінде ерекшелігі бар жас жігіт жарапазан айтып жүреді.
Фото: Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіге метрода екі блогердің жаға ұстасқан видеосы тарады, деп жазады stan.kz.
Бейнежазбада дене бітімінде ерекшелігі бар жас жігіт жарапазан айтып жүреді. Бір жігіттің алдына барып, тұрып алады. Ол кедергі жасап тұрғанын ескертеді. Кейін ашуға булыққан жолаушы жігіт агрессив түрде шабуыл жасайды. Оны бірнеше рет итеріп, әдепсіз сөздермен балағаттайды. Қақтығысты байқаған басқа жолаушылар бірден екі жігітті сабырға шақырады. Кейбір жолаушылар қорқып, пойыздан түсуге асығады. Соңында екі жігіттің әрекеті алдын ала сценарийге құрылған пранк болып шығады.
Осы оқиға қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің ашуын туғызды.
“Бұл блогерлерге метрода жүруге тыйым салу керек”, “Айыппұл төлеттіруге болады”, “Циркте жұмыс істейтін сайқымазақтар”, – деп жазды желі қолданушылары.
Одан кейін Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Бейнероликке қатысушылардың жеке басы анықталып, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жауапкершілікке тартылмақ.
Сондай-ақ департамент өкілі мұндай оқыс іс-әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, құқық бұзушылыққа әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.