ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі керектігін айтты.
ERNUR.KZ. Жылыту маусымына дайындық аясында ҚР Энергетика және Ұлттық экономика министрлері жазғы демалысқа шықпайды. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі өз демалысын Премьер-Министрмен келісіп үлгерді, деп жазады ҚазАқпарат.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте жылыту маусымына дайындықты қысқа дейін аяқтауды тапсырған еді.
«Әкімдік қызметкерлері, әсіресе басшылық осы жазда демалысқа шықпауы керек. Қазір 2-3 апта демалысқа кетсеңіздер, мұны диверсия деп есептеңіздер. Жұмыс көп. Күні-түні жұмыс істеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылы да, биыл да ешқандай демалысқа шықпайтынын айтты.
«Мен де әлі демалысқа бармайтын шығармын. Үкімет кестесі тиісті түрде бекітіледі», - деп толықтырды ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев тілшілер сұрағына берген жауабында Президенттің тапсырмасы Астана әкімі аппаратына қатысты екенін атап өтті.
«Демалысқа жалпы жоспар бойынша барамын, мұны Премьер-Министр мақұлдады. Жылыту маусымына қарай орталық мемлекеттік орган – нақты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дайындық үшін барлық қажетті жұмыстарды жасады», - деп жауап берді министр.
Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі керектігін айтты.