Жоғары жетістіктер спортына арналған спорт нысандары жергілікті атқарушы органдардан министрлік қарамағына беріледі.
фото: Sputnik / Рамиль Ситдиков
ERNUR.KZ. Туризм және спорт министрлігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа жарыстарға дайындалуға тиісті жағдайдың жасалмауына қатысты жағдайды біледі, деп жазады sputnik.kz.
Жүргізіліп жатқан реформаның негізінде жоғары жетістіктер спортына арналған спорт нысандары жергілікті атқарушы органдардан министрлік қарамағына беріледі.
Министрлік ұлттық құраманы Олимпиадаға дайындау жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында медаль алуға үміткер спортшыларды анықтады. Олардың әрқайсысына, соның ішінде Михаил Шайдоровқа, жауапты құрылымдарға нақты міндеттер жүктелді:
Спортты дамыту дирекциясы (СДД) — жеке дайындық жоспарының орындалуын бақылап, барлық қатысушы тараптардың өзара әрекетін үйлестіреді;
Спорт федерациялары — білікті жаттықтырушылар құрамы, халықаралық жиындарға қатысу және қажетті жарыс тәжірибесімен қамтамасыз етеді;
Өңірлік әкімдіктер — спортшылардың тұру, тамақтану және жаттығу үдерістеріне базалық жағдай жасауға тиіс;
Спорттық медицина және оңалту орталығы (СМОО) — медико-биологиялық қолдауды, оңалтуды және спортшылардың жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді;
Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу — дайындық бағдарламаларының тиімділігін бағалап, тиісті ұсыныстар береді.
Бұған қоса, спортшыларды дайындау жүйесіне кіретін басқа да мекемелер жұмысқа тартылған.
Министрлік Олимпиадаға дайындық жоспарына енгізілген әрбір спортшыны, оның тұрғылықты жеріне немесе тіркелген мекенжайына қарамастан, қажетті қолдаумен қамтамасыз ете береді.