Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова аттестаттау ережелеріндегі соңғы өзгерістерге тоқталды.
ERNUR.KZ. Елімізде педагог қызметкерлердің аттестациясы өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
"Біріншіден, "Пәндік білім" блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, "Оқыту әдістемесі" блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауаптарды таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталды.
Екіншіден, педагогтердің білімін бағалаудан өту үшін шекті балл төмендетілді. Мысалы, педагог-сарапшы үшін 15-тен 12 балға дейін, педагог-зерттеуші үшін 18-ден 16 балға дейін, педагог-шебер үшін 21-ден 18 балға дейін.
Үшінші өзгеріске келер болсақ. Отыз жылдан астам педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтер біліктілік санатын растаған жағдайда біліктілік тестілеуден босатылады. Олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте, егер олар өз біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттауды жалпы негізде өтеді", деп жазды ведомство өкілі.
Сондай-ақ 30 жылдан астам педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары/бірінші санаты бар педагогтер, егер "педагог-модератор" санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Егер олар жаңа аттестаттау жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестаттау жалпы негізде өтеді.
"Бесіншіден, зейнеткерлікке шыққанға дейін 4 жыл қалған педагогтер жаңа жүйе бойынша бар санатын растайтын болса, аттестаттаудан босатылады. Егер олар біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттаудан жалпы негізде өтеді.
Алтыншыдан, арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған және "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші" санаты бар педагогтерге аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ бір саты жоғары санат тағайындалады. Арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне "педагог-модератор" санаты бірден беріледі", - деді вице-министр.
Шолпан Қаринова тестілеуді ұйымдастыру бойынша да ақпарат беріп өтті.
"Бүгінгі таңда тестілеуден өтуге 80 мыңнан астам мұғалімдер тіркелді, олардың ішінде 18 мыңнан астамы тестілеуден өтті. Сонымен бірге кей күндері жарық сөніп, Ақтөбе, Қостанай, Талдықорган, Күлсары, Сарыағаш, Жамбыл облысы Төле би аулындағы пункттерде мұғалімдердің тестілеу уақытын немесе күнін ауыстырған жағдайлары болды", - деп қорытындылады Оқу-ағарту вице-министрі.