Кәсіподақ 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ұстаздарға 119 миллион теңгеге жуық қаражатты қайтарып берді.
ERNUR.KZ. Былтыр еліміздің кейбір мектептерінде мұғалімдер өздеріне тиесілі жәрдемақыны толық көлемде ала алмаған, деп жазады sputniknews.kz.
Мәселен, еңбек демалысына немесе іс сапарға шыққанда берілуі тиіс ақшаның ұстаздарға тек белгілі бір бөлігі ғана төленген.
"2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ұстаздарымызға 119 миллион теңгеге жуық қаражатты қайтарып бердік. Жалақылары дұрыс есептелінбеген. Еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру жәрдемақысы да дұрыс төленбеген. Іс-сапар шығындары толық берілмеген", - дейді қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева.
Мысалы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылындағы Смаилов атындағы орта мектептің 40 шақты мұғалімі еңбек демалысына шыққан кезде берілетін жәрдемақыны толық көлемде алмаған. Ақыры кәсіподақтың араласуымен төленбеген қыруар қаражат педагогтарға беріліпті. Мұны телефон арқылы бізге ұстаздардың бірі айтты.
"Осы жаздыгүні қосылмай қалған ақшамызды берді, мұғалімдердің алды 60 мыңнан, соңы 40 мыңнан алып, қуанып отырмыз", - дейді мұғалім Азизат Байдыгелова.
"Ұстаздарымыз еңбек демалысына шыққанда сауықтыру жәрдемақысын бір ставкамен төлейді. Еңбек кодексіне байланысты ұстаз қанша сағат жүргізеді, сол жүктемесіне байланысты төлеу керек", - деп түсіндірді Айгүл Мұқашева.
Яғни бұл – елде бар проблема. Алдағы уақытта мұндай заңсыздықтың бәрі жіті тексерілмек.
Тағы бір жаңалық – мектептегі мұғалімдердің оқу жүктемесі азайды. Педагогтар бұрынғыдай 18 сағат емес, 16 сағат жұмыс істейді. Бірақ бұдан ұстаздардың жалақысы азаймайды. Бұл да – педагогтың құқығын қорғауға бағытталған көп шараның бірі.