Жол апаты салдарынан "КамАЗ" көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді
ERNUR.KZ. Атырау облысындағы темір жол өткелінде жүк пойызы апатқа ұшырады. 68 вагоннан тұратын мұнай тиелген жүк пойызы "КамАЗ" көлігіне соғылған деп жазады NUR.KZ.
Пойыз апаты 12 қыркүйек күні орын алған. Жүк пойызы мұнай тиелген цистерналармен бірге Астраханьға қарай бет алған болатын. 68 вагоннан тұратын жүк көлігіне соғылған "КамАЗ" көлігі қатты соққыдан аударылып түскен. Салдарынан көліктің 49 жастағы жүргізушісі зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.
ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов болған жайтты растап отыр.
"12.09 күні сағат 15-32-де Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы күзетілмейтін, реттеліп отыратын темір жол өткелінде "Атырау-Астрахань" бағытындағы жүк пойызы мен "КамАЗ" автокөлігі соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан "КамАЗ" көлігінің 1969 жылы туған жүргізушісі түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілген.
№2201 жүк пойызы Аққыстау бекетіне жеткізілді. Аталған апат өзге пойыздардың қозғалысына әсер еткен жоқ", - делінген ІІМ ТЖК хабарламасында.