"Найман, албан": Сыраға рудың атын жазған компания желідегілердің ашуына тиді

0
1 426

Сыраны шығарушы компанияның ресми сайтында алкогольдік сусын туралы ақпарат берілген.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде сыраға қазақ руларының атын жазған суреттер пайда болды. Бұны көрген белсенділер компания өкілдері мен қадағалаушы мекемелерге наразылығын білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жұрт талқысына түскен суретті Facebook қолданушысы Едиге Абдуллин өзінің жеке парақшасында жариялап қазақ руларын мазақ қылғандарға ашулы екенін білдірді.
"Мына бассыздыққа кім жауап береді? Басқасы бітіп енді ата-бабамыздың атын сыраға жазып, енді аз күнде іш киімге жазғанын күтіп отырамыз ба?", - деді ол.
Мұны көрген Майра Байбулатова есімді оқырман да өз пікірін білдірді.
"Руымыздан басқа сыраға беретін басқа атау құрып қалып па? Тайға таңба басқандай, таңбаларымызды да бадырайтып қойыпты. Ру-руға, жер-жерге бөлінетін заман емес. Жамандық атаулының бастауы-алкогольдік ішімдікке ру атауын беру, бұл енді нағыз бассыздық! Атам Қазақ анау бастан түп-тұяғымен араққұмар болғандай", - дейді ашынған әйел адам.
Одан бөлек, желі қолданушылар да "Сұмдық", "Масқара", "Не болып барады?" деген сынды пікірлерін жеткізді.
Сыраны шығарушы компанияның ресми сайтында алкогольдік сусын туралы ақпарат берілген.
"Енді әркімнің өз таңбасын табуға және өз сырасын таңдауға мүмкіндігі бар... Брендті ойлап тауып жатқанда, бәріміз үшін, заманауи қазақстандықтар үшін маңызды мәдени-тарихи мәселені көтеріп қана қоймай, өзіндік қасиетін ерекше көрсетіп, адамдардың жеке сезімдері мен тарихын бейнелеп өз мәнеріне қарай түсінуге мүмкіндік бергіміз келген... Өз тарихыңды білген, оны мақтан тұтқан – сәнді", - делінген хабарламада.