Нұралхан Көшеров ғасыр жасаған ардагердің шаңырағына барып, арнайы құттықтады

0
269

Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды.


Нұралхан Көшеров ғасыр жасаған ардагердің шаңырағына барып, арнайы құттықтады
ERNUR.KZ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаев ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын жеткізіп, арнайы сый-сияпат табыстады.
Облыс әкімі ғасыр жасаған ардагерге елге сіңірген ерен еңбегі мен майдандағы ерлігі үшін ризашылық білдірді. Ақсақалмен әңгімелесіп, оның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.
– Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында бүгінгі бейбіт күнге жетіп отырмыз. Ұрпаққа үлгі болған ғибратты ғұмырыңыз үшін алғысымыз шексіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Мереке қарсаңында ардагерге Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен 5 млн теңгенің сертификаты тапсырылған болатын.
Қария көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігі үшін ақ батасын берді.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды. Майдангер Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан. 1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралып, зейнеткерлікке шыққанға дейін А. Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып еңбек етті. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық 8 медальмен марапатталған.
Бүгінде 100 жасқа таяған қария 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты ақсақал.
Шара барысында әскери оркестр мерекелік көңіл күй сыйлап, майдангерге ерекше құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1 462, тыл ардагерлері – 2 082.

Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.