Жанғозин Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде орын алған жағдайға байланысты оқушымен, ата-аналармен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізген.
фото:Ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мұғалімді балағаттаған оқушының ісіне қатысты шешім шыққанын мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.
Жанғозин Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде орын алған жағдайға байланысты оқушымен, ата-аналармен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізген.
Талқылауға сондай-ақ оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
- Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ. Назарбаев Зияткерлік мектептері шәкірттерге әрдайым құрметпен қарап, қолдау көрсетуді және өзара сыйластыққа негізделген сындарлы қарым-қатынасты басты қағида ретінде ұстанады. Дегенмен, мұғалімдерге құрметпен қарау – мектеп үшін өзгермейтін және қатаң сақталатын талап. Қоғамның бұл мәселеге бейжай қарамай, белсенділік танытқанына алғыс білдіремін. Біз кері байланысты және ашық диалогты жоғары бағалаймыз, – дейді Әнуар Жанғозин.
Ол оқу-ағарту министріне, министрлік өкілдеріне және бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге аталған жағдайға жіті көңіл бөліп, қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
Еске салайық, 23 мамыр күні Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысы оқудан шығарылды. Бұл шешім педагогикалық кеңесте қабылданған. Себебі жасөспірім емтихан барысында мектеп ережесін бұзып, мұғалімді балағаттаған. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқушы мұғалімге «Ш» әрпінен басталатын былапыт сөз айтқан. Осы оқиғадан кейін тәртіптік шара қолданылып, ол мектептен шығарылған.
Бұл мәселеге қатысты Ұлысмедиа редакциясы бірқатар тәуелсіз сарапшылар пікірін жазған болатын.
Сонымен қатар, бұл жайтқа қатысты заңгер Халида Әжіғұлова да пікір білдірген болатын.