Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы шаралар туралы айтты

0
115

Қазіргі таңда елімізде 700-ден астам колледж жұмыс істейді, онда бес жүз мыңнан астам студент білім алып жатыр.


Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы шаралар туралы айтты

ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Санжар Татибеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында кәсіптік білім алып жатқан жастар үшін ұйымдастырылған шаралар жайында баяндады.

Оның айтуынша, Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында өтті. Оған 200-ден астам колледж, 100-ге жуық кәсіпорын қатысты. Жұмысшы мамандықтар жылының тағы бір маңызды бастамаларының бірі – «Қазақстан Республикасының колледж студенттерінің ТОП-100» байқауы болды. Байқау жеңімпаздары «Allur» зауыты, «Qarmet» АҚ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Atyrau oil service» сияқты компанияларда жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар бірқатар ауқымды іс-шаралар өтті. Мәселен, «Еңбек кубогі» спартакиадасы мен Кәсіби бағдар беру бойынша халықаралық форум ұйымдастырылды. Форумға барлық өңірден 2 мыңға жуық маман қатысты. Шара барысында Канада, АҚШ, Қытайдағы кәсіби бағдар беру саласындағы халықаралық тәжірибелер таныстырылды.

«Павлодар қаласында «Innovation» хакатоны өткізілді. Мамыр айында өткен бұл іс-шара жастар арасында тәжірибе алмасу мен цифрлық құзыреттерді дамытуға арналған ірі алаңға айналды. Оған колледж студенттері, түлектер, жас жұмысшылар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды қоса алғанда 150-ден астам қатысушы қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 28 команда 48 сағат ішінде өздерінің цифрлық идеяларын нақты прототипке айналдыруға күш салды», – деді спикер.

Сондай-ақ Ақтауда «DOSTI Skills» халықаралық чемпионаты. Оған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен сарапшылары Қазақстаннан, ТМД елдерінен, Қытайдан, Сауд Арабиясынан және Австриядан қатысты. «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі еңбек пен спорттың символына айналды. Қатысушылар мыңнан астам шақырымды еңсеріп, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын паш етті.

«Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы базасында ТжКБ студенттерінің республикалық слеті өтті. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жүзге жуық үздік колледж студенттері қатысты. Слет бағдарламасы мазмұнды болды: сарапшылармен мотивациялық кездесулер, мастер-кластар, интерактивті кездесулер ұйымдастырылды.

2025 жылдың қазан айында түркітілдес елдер арасындағы алғашқы TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді. Іс-шараға 7 елден 70 қатысушы және 90 сарапшы қатысады. Байқау 10 құзырет бойынша өткізіледі.

Жыл соңына дейін маңызды іс-шаралар жоспарланған. Қыркүйек айында халықаралық гастрономиялық фестиваль «ASTAUFEST-2025» өтеді. Ал, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жандар үшін «Abilympics-2025» кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.