Сот кезінде жүргізушінің марихуана шеккені анықталды. Бірақ оның жұмыста үлгілі екенін әрі бұрын істі болмағанын ескеріп, 1,5 жылға шартты жаза кесілген.
фото: астана арнасынан
Марихуана шегіп алып, 15 жастағы оқушы қызды көлігімен қағып, мүгедек қылған оралдық жүргізуші сот залынан бостандыққа шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Сот оның бұрын істі болмағанын ескеріп, шартты жаза кескен. Ал мектебінің мақтанышы болған қызының аяқ астынан мүгедекке айналған анасы енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
Сабағын жақсы оқитын Қарақат білім байқауларынан жүлдесіз қайтпайтын. Арманы да көп еді. Енді қабырғаға әдемілеп жазған арманына қол созу түгілі, ауыз ашып, сөйлеуге де шамасы келер емес. Ал өрімдей қызымды өлімші қылған жүргізуші кешірім сұраудың орнына өзімізді кінәлі қылып шығарды, дейді анасы.
«Сізге жазбай-ақ қоюға болады. Өйткені прокуратура қарап жатыр деді. Сонда да мен арыз жазам деп барсам, олар Бочковтың сөзімен қарап жатыр: Қарақат пешеходтан 20 метр алыстан атып шықты өзі деп. Қарақатқа жауып жатыр. Сосын куәгерлерді өзім тауып, птицефабриканың халқына жаздым, көп-көп рақмет, бәрі мен көрдім, мен көрдім деп шықты. Негізі сол кезде оқиға болған кезде де бәрі куәгер болды. Олардың сөздері қайда кетті, білмеймін», - дейді Қарақаттың анасы Дина Мусина.
Сот кезінде жүргізушінің марихуана шеккені анықталды. Бірақ оның жұмыста үлгілі екенін әрі бұрын істі болмағанын ескеріп, 1,5 жылға шартты жаза кесілді, дейді судья.
«Марихуана шегіп алып, наркотикалық жағдаймен автокөлік басқарса, оған әкімшілік құқықбұзушылық болады, ол қылмыс болмайды. Наркотикалық мас күйде болған деп айыпталатын істер бойынша олар ауырлататын мән-жәйлар болып саналмайды заңнамаға сәйкес ішіне кіріп тұрғасын. Ал басқа қылмыстар жасап, біреуді ұрып-соғып, басқа да болады ғой. Онда жасалады. Ол істің қылмыстық құрамының белгілері болып танылмайды», - деді қалалық сот судьясы Мереке Шүкіров.
Сот үкімімен көлік иесіне 5 миллион теңге моральдық шығынды бір айдың ішінде төлеу міндеттелген. Бірақ мұның өзі Қарақаттың еміне жетпейді дейді анасы.
«Бірінші сұрақ Қарақатты аяғынан тұрғызу. Енді ертең сіздер Астана кетіп барасыздар. Қандай доктор бар, телефондарын беріп жатырмыз, соның бәрінің телефонын алып, ештемеден қорықпай бара беріңіздер. Біздің жақтан адвокат іздейміз. Көмек береміз қандай болса да», - деді БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жанат Нұрмағамбетова.
Дәрігерлердің айтуынша, реабилитацияның өзіне кемі 5-6 жыл керек. Ем-дом бұдан да ұзаққа созылады. Қазір оралдықтар 22 ақпанда Астанаға аттанатын Қарақатқа жылу жинап жатыр.