"Олардың бірі өлуге шақ қалды": Көкшетауда 44 сарбаз ауруханаға түсті

0
809

Сарбаздарға бірге сапқа тұруға тыйым салынды. Өйткені сырқаттанғандар күн санап көбейіп жатыр.


ERNUR.KZ. Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімшесінің 44 сарбазы ауруханаға жеткізілді. Олардың қызуы көтеріліп, басы ауырған. Сондықтан жауынгерлер инфекциялық ауруханаға жатқызылды, деп жазады sputnik.kz.

Олардың бесеуінен менингококк бактериясы табылған. Біреуінің жағдайы тым ауыр дейді дәрігерлер. Қазір әскери бөлімшенің сарбаздары қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шықпайтын болған. Себебі бөлімшедегі басқа жауынгерлер де толық тексеруден өтуде.
Денсаулығы сыр берген сарбаздарды әскери бөлімшедегі дәрігер қараған. Бірақ жазылудың орнына ауруы әбден асқынған соң, оларды қаланың ауруханаға жеткізген.
Науқастарды қабылдаған дәрігерлер олардың бірі өлуге шақ қалғанын айтады. Әйтеуір жедел қимылдап, жүрегі тоқтаған жігіттің есін жиғызыпты.
"Бізге ауруханаға әкелгенде 40 градус температура, безгегі ұстап, қалтырап тұрды. Алты адам бір-ақ түсті, одан соң тағы бірнешеуі. Бір сарбаздың жағдайы мүлдем мүшкіл болды. Денесі құрысып, тартылып, тіпті жүрегі тоқтап барып, әйтеуір дәрігерлер жанын сақтап қалды. Әлі де жансақтау бөлімшесінде жатыр. Нақты толық есін жиды деп айта алмаймын", - дейді Көкшетау көпсалалы аурухананың директоры Сәкен Қалымжанов.
Қазір әскери бөлімшеге жан-жақтан мамандар жиналып, жағдайды зерттеп жатыр. Себебі сарбаздардың жаппай мұрттай ұшуына не себеп екені белгісіз. Қазірдің өзінде жұқпалы аурулар ауруханасында 44 сарбаз емделіп жатыр.
"Қазір жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүргізіп жатыр. Әскери бөлімшеде сарбаздарды жан-жақты тексеретін мүмкіндік жоқ. Бір дәрігер ғана бар. Олардың барлығы бірдей медицина бекетінде емделе алмайды. Ал түрлі сараптама қорытындылары дайын болғаннан кейін қызметтік тексеріс жүргізіледі. Жаппай ауру себебі анықталған соң, кінәлі әскерилерді анықтаймыз", - дейді ҚР Ұлттық Ұлан "Орталық" өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының бастығы Рашид Әбілмәжінов.
Сарбаздар осы күндері қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шықпайды. Тіпті түгел бөлімше болып бірге сапқа тұруға да тыйым салынған. Өйткені сырқаттанғандар күн санап көбеюде. Қазір әскери бөлімшеге белгілі бір шектеулер енгізілген. Ондағы осы науқастармен байланыста болған 278 адам толық тексерістен өтіпті. Бірақ олардың сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Сондықтан жұқпалы дерт жұқтырғандар саны бұдан да артуы мүмкін.