Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орын алған 27 оқушы 73 млн теңгеден астам сыйақы алды.
ERNUR.KZ. Олардың ұстаз-тәлімгерлері де біржолғы ақшалай төлемдер алды, деп жазады inbusiness.kz.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Оқу-ағарту министрлігі халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына 1,5 млн-нан 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы тағайындаған болатын", делінген Оқу-ағарту министрлігінің таратқан хабарламасында.
Министрлік дерегінше, 27 медаль иегері еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алады. 2022 жылы оқушылар арасындағы Халықаралық олимпиададан ұлттық құрама 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль әкелді. Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов биыл оқушылар 7 олимпиадаға қатысқанын, келесі жылы оған тағы 7 олимпиада қосылатынын айтқан болатын.