"Өмір бойына сотталды": Қайынжұртын қырып салған "күйеубалаға" үкім шықты

0
79

​5 күн бұрын ғана сотталушы "Жазамды өмір бойы өтеуге дайынмын" деп мәлімдеген еді.


Фото: ЖИ

ERNUR.KZ. Атырау облысында бүтін бір отбасы мүшелерін өлтірген 30 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz.

Енді ол жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтейтін болады.

– Сұлтан Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, – деді істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина.

Айыпталушы өзіне сот үкімі түсінікті екенін жеткізді. Оның 15 тәулік ішінде үкімге шағымдануға құқығы бар.

Іс материалдарына сай, Сұлтан Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамыр айында жалға алған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевқа пышақ салып өлтірген. Кейіннен мәйітін үйдің жанына көміп, туған-туыстары күмән келтірмес үшін оның атынан хабарлама жазып жүрген.

Сол жылы қазан айында Жангелдин ауылында тұратын экс-қайын атасы мен енесін өз үйінде пышақтап өлтіреді.

Ал Атырауға келгенде қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап, мәйітін Наурыздың жанына жасырған.

4 адамның өліміне себепші Сұлтан Сәрсемәлиев кейін Түркия арқылы Меккеге аялдап, Құдайдан кешірім сұраған.

Соңғы сөзінде "күйеу бала" ісіне өкінетінін айтса да, қаралы оқиғаға қайтыс болғандардың өзін тағы да кінәләді.

– Бір ғана шындығым – ешкімге жазықсыз, нақақтан-нақақ қастандық жасамадым. Ешкім анадан айуан боп тумайды. Әр адамның бойында ізгілік пен мейірімділіктің дәнегі болады. Менде сол дәнек құнарлы қара жерге емес, қара тастай қасарған қайын жұртқа түскендей болды.
Мен де тағдырымның тас-талқаны шыққанын қаламадым. Бала-шағамнан, әйелімнен айырылып қалуға қорқып, отбасым үшін жанкештілікпен күрескенім осындай қылмысқа әкелді, – деді ол.