Өмірді сақтандыру бойынша төлемдер соңғы 5 жылда 5 есеге артып, 91 млрд теңгеге жетті – ҚНРДА

0
210

Жалпы сақтандыру саласы барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім көрсетеді.


Өмірді сақтандыру бойынша төлемдер соңғы 5 жылда 5 есеге артып, 91 млрд теңгеге жетті – ҚНРДА

ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үшін Қазақстанда сақтандыруды дамыту саласындағы басым міндеттер: тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру; сақтандыру төлемдерінің мөлшерін ұлғайту; сақтандыруды азаматтар мен кәсіпкерлерді тәуекелдерден қорғау құралы ретінде қолдану аясын кеңейту.

ОКҚ алаңында ҚНРДА төрағасының орынбасары Мария Хаджиева атап өткендей, сақтандыру нарығында тұтынушыларға қызмет көрсету үшін қажетті толыққанды инфрақұрылым қалыптасты. Нарықта 25 сақтандыру ұйымы бар, оның ішінде, 15-і «жалпы сақтандыру» саласында, 10-ы «өмірді сақтандыру» саласында, сондай-ақ 12 сақтандыру брокері қызметін жүзеге асырады.

Нарықта Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры жұмыс істейді, ұйымның жойылатын сақтандыру ұйымдарының активтерін беруге, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Сақтандыру ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы дауларды шешетін сақтандыру омбудсмені жұмыс істейді.

Инфрақұрылымның негізгі элементі – бірыңғай сақтандыру дерекқоры – сақтандыру ұйымдарының қызметтерін цифрландыруға мүмкіндік береді, сақтандыру қызметтеріне қол жеткізуді жеңілдету үшін барлық процестің интеграциясын қамтамасыз етеді, статистиканы қалыптастырады.

«Сақтандыру нарығының өсу драйвері «өмірді сақтандыру» болып табылады. Ағымдағы жылдың 1 қарашасында бұл сала сақтандыру нарығының жиынтық активтерінің ең көп үлесін құрайды, атап айтқанда 52,5%. Соңғы 5 жылда активтер 2 еседен астам өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл нәтижеге мемлекеттік субсидиямен МБЖЖ шеңберінде жинақтаушы білім беру сақтандыру өнімі, бірлескен және кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеттері сияқты жаңа әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін енгізудің арқасында қол жеткізілді. Өмірді сақтандыру саласы бойынша сақтандыру төлемдері соңғы 5 жылда 5 есеге, атап айтқанда 21 млрд теңгеден 91 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Төлемдердің негізгі көлемі қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға және өмірді ерікті сақтандыруға тиесілі», – деп атап өтті спикер.

Жалпы сақтандыру саласы барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім көрсетеді. Жалпы сақтандыру бойынша сақтандыру компанияларының активтері соңғы 5 жылда 56%-ға ұлғайды және 2024 жылғы 1 қарашаға 1,4 трлн теңгені құрады. Соңғы 5 жылда сақтандыру төлемдері 70%-ға, яғни 102 млрд теңгеден 176 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сақтандыру төлемдері бойынша көшбасшылар - міндетті автосақтандыру, мүлікті ерікті сақтандыру және сырқаттанған кезде ерікті сақтандыру.