“Өмірдің құны 395 200 теңге ме?“: Марқұм қазақстандықтың туыстары Түркиядағы сот шешіміне ашуланды

0
101

Түркияда 38 жастағы қазақстандықты жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып өлтірген.


“Өмірдің құны 395 200 теңге ме?“: Марқұм қазақстандықтың туыстары Түркиядағы сот шешіміне ашуланды

фото: tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. Қайғылы оқиғадан екі жыл өткен соң сот кінәліге шамамен 400 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды, бұл марқұмның туған-туыстарының ашуын тудырды, деп жазады tengrinews.kz.

13 қазанда Түркияның Аланья қаласында ЖКО салдарынан Қазақстан азаматшасы қаза тапты. 38 жастағы Әлия Құлмағамбетованы жаяу жүргіншілер өткелінен бағдаршамның "жасыл" түсіне өтіп бара жатқан кезінде көлік қағып кеткен. ЖКО D-400 тасжолында, Кестель ауданында болған. Полиция мәліметінше, әйел жолдан белгіленген жерде өткен.

Екі жылдан кейінгі үкім

23 қыркүйекте Түркияда осы іске қатысты үкім шығарылды. Оқиға бойынша тергеу тура екі жылға созылған. Алайда сот шешімі марқұмның туыстарын қатты қынжылтты.

"Судья 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, кейін соттылығының жоқтығын ескеріп, жазаны 2 жыл 1 айға дейін қысқартты, ал одан кейін бұл мерзімді айыппұлға ауыстырды – 30 400 лира немесе 395 200 теңге. Мұны ата-анамызға қалай айтамыз? Бұл қалай? Кінәлі асқан жылдамдықпен келе жатып, қарындасымды жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кетті, ал жазасы 700 доллар ма? Шетелде жүрген қазақстандықтардың өмірінің құны осындай ма?
Бірақ бұнымен біткен жоқ, кінәліге бар болғаны 4 ай көлік жүргізуге тыйым салынды", – деп жазды марқұмның туысы Меруерт Ибраева Facebook-парақшасында.

Tengrinews.kz тілшісі зардап шеккен тараппен байланысқа шықты. Марқұм қыздың анасы Дариға Молдабекова сот басталмай тұрып-ақ, бөтен елде әділдікке қол жеткізу қиын болатыны жөнінде естігенін айтты. Кінәліге айыппұл түрінде жеңіл жаза тағайындау туралы сот шешімі отбасын қатты есеңгіреткен. Алайда Молдабековтар бұл шешіммен келіспей, апелляция бермек. Сондай-ақ марқұмның туыстары адвокаттың қолында Әлия Құлмағамбетованың жолды белгіленген жерден өткені дәлелденген барлық айғақтар бар екенін жеткізді.