Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы мемлекеттік бақылау мен қадағалау аясында шамамен 10 мың өнеркәсіп субъектілерін және 200 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектіні қамтиды.
ERNUR.KZ. Негізгі бағыттар бойынша объектілердің бөлінісі: көмір саласы – 11939, тау-кен саласы – 18 407, металлургия – 9 177, мұнай-химия және мұнай өңдеу-20468, мұнай-газ өндіру – 71158, қазандық шаруашылығы – 17484, көтергіш құрылғылары – 26 мың, атом энергиясын пайдалану – 10 828. Бұл туралы ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, арнайы комитет пен оның аумақтық бөлімшелері 11 мемлекеттік қызмет көрсетеді. 2025 жылы барлығы 11 685 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
«Соңғы 3 жылда Қазақстан Республикасының қауіпті өндірістік объектілерінде 67 авария тіркелді. Ең көп авариялар келесі салаларда орын алды: Тау-кен саласында – 10, мұнай-газ өндіру саласында – 14, газ шаруашылықтарында – 10, көтергіш құрылғыларда – 11. Қазақстан Республикасында қабылданған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы негізгі өзгерістер туралы сіздерді хабарлағымкеледі. Өздеріңізге мәлім, 2025 жылы Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Аталған заң өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді едәуір күшейтеді», – деді спикер.
Ең алдымен, өнеркәсіптік қауіпсіздік Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің қолданылу аясынан шығарылды. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың дербес тәртібі қалыптастырылды. 2026 жылдан бастап бұл сала тікелей салалық заңмен – «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін болды.
Жаңа тетік аясында тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіледі. Жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілер мен объектілер жыл сайын тексеріледі. Оларға өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын міндетті түрде ұсынуға жататын қауіпті өндірістік объектілер; зауыт-өндіруші белгілеген нормативтік пайдалану мерзімін өткерген қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын объектілер жатады.
Ал, жоғары тәуекел дәрежесіне жатпайтын субъектілер үш жылда бір реттен жиі тексерілмейді. Осылайша, жаңа тетік барлық бақылау және қадағалау субъектілері мен объектілерін олардың ықтимал қауіптілік деңгейін ескере отырып толық қамтиды.


