СЕНІМДІ қадамдар жасау - күйзелістен алып шығуға көмектеседі

0
206

Өзіңізге сенімді болсаңыз, ойыңда алдыма мақсат қоя алмаймын, оған жету мүмкін емес деген күдік болмайды.


СЕНІМДІ қадамдар жасау - күйзелістен алып шығуға көмектеседі

Егер өзіңізді жоғалтып алсаңыз, өз-өзіңізге сенуден қалып бара жатсаңыз, онда мына тәсілдерді қолданып көріңіз. Өзіне сенімді адам ғана мақсатына жетіп, табысты болады.


Аздан бастаңыз

Негізі үлкен нәрсенің барлығы кішкентай істерден бастау алады. Егер сізде ешқандай күш қалмаса, онда өзіңізге деген сенімді қайтаруды ең алдымен азғана нәрседен бастаңыз. Яғни, кішкентай жетістік, ойыңыздағы орындалған іс үшін өзіңізді мақтан етіңіз. Бұл дәрменсіз кезде жақсы көмек болады.

Мысалы, егер күнде таңертең салмақ тастау үшін бір жаттығуды бастаған болсаңыз, онда соған тағы бір-екі қимыл қосыңыз және оны қалдырып қоймай істеуге тырысыңыз.

Бұл кезеңдегі ең басты нәрсе ол – қолыңыздан келетін, істей алатын кішкентай ғана нәрсені алдыңызға мақсат етіп қойып, соны орындау. Егер қиындау нәрсені қолға алсаңыз, оны орындай алмай қалып, сенімсіздігіңіз ұлғая түсуі мүмкін. Ал тым оңай нәрсе болса, онда қызығушылығыңыз жоғалып, жалығып кетуіңіз мүмкін.

Кішкентай жетістігіңізді көргенде өзіңізге деген сеніміңіз жаймен арта түсетінін байқайсыз.


Сізге сенетін адамдармен араласыңыз

Ия, кейде өзіңізге сенуден қалсаңыз да сізге сенетін адамдар табылады. Ол сіздің досыңыз, әйеліңіз, күйеуіңіз, ата-анаңыз болуы мүмкін. Басыңызда қанша мәселе болса да сіздің күшіңізге сеніп, күш-қуаты мол адам санайтын жандар табылады. Әрине ондай кезде көзіңізге олар сізді жете танымайтын болып көрінуі мүмкін. Сондай-ақ басыңыздағы мәселені анық білмей жатып сіздің әлсіз болатыныңызды немесе қамығатыныңызды түсінбейді деп ойлайсыз. Мүмкін ол адамдар дұрыс ойлайтын шығар. Ол жандар сіздің бұрынғы мәселелеріңзді қалай шешкеніңізді көрген болар.

Өзіңізге сенетін жандардың неге сенім білдіретініне назар аударыңыз және не үшін сізді не үшін мықты санайтынын сұраңыз.

Өзіңізге жақсы сенім артатын жандармен етене араласыңыз.Бұл өзіңізге деген сенімді нығайта түседі.


Салыстырыңыз

Біз бала күнімізден басқалармен бәсекелесіп, салыстырып өсеміз. Әсіресе, ойыншықтарымызды, ата-анамызды, жеген тамақтарымызды айтып мақтанамыз. Өзгенің затымен өзіміздікін салыстырамыз. Алайда, барлық адамдардан жоғары болуымыз мүмкін емес. Сол себепті, өзіңіздің күшті және әлсіз жақтарыңызды мойындап үйренгеніңіз дұрыс. Осал жеріңізді дамытып, қарсыласыңыздың артықшылығын бағалаңыз.


Өзіңізге уәде беріп, оны орындаңыз

Күшіңіз бен мүмкіндіктеріңізге күмәніңіз бар болса, алдымен өзіңізге сеніп үйреніңіз. Ол үшін өз-өзіңізге берген уәдені орындаңыз. Үй жинап тастаймын дедіңіз ба, онда ертеңге қалдырмай істеп тастаңыз. Шет тілін үйренгіңіз келіп жүрсе, кейінге шегермей үйреніп, ізденіп бастаңыз. Әр орындалған уәде сіздің жетістігіңіз, өзіңізге деген сенімнің бір кірпіші іспеттес.


Сәтсіздіктерден сабақ алу

Бұрынғы жеңіліс пен сәтсіздікті жеңу үшін үлкен батылдық, қайсарлық қажет. Қандай кедергілер болса да, құлап жеңілсеңіз де, тұрып алға жылжуға, жеңіске жетуіңіз керек. Жеңіске деген сенім сәтсіздікке тосқауыл бола алады.


Өзіңізді шектейтін наным-сенімді өзгертіңіз

Өз күшіңізге, өзіңізге деген сенімнің жоғалуына не нәрсе әсер етіп, себеп болғанын өзіңізден сұрап көріңіз. Ішіңіздегі үн осы сұрақтың жауабын айқын етіп айтып береді. Дәл сол сәтте ойыңызға келгеннің барлығын дәптерге жазып алыңыз. Соларды ішінен ең үлкен эмоция шақыратын 1-2-ін таңдап алыңыз.

Мысалы, «менің жасым үлкен, сондықтан кез-келген жастардың ортасында өзімді ыңғайсыз сезінем, ал қатарластарыммен қызық емес». Енді осы сөздерді керісінше жасап көріңіз. Жастардан ыңғайсызданбаңыз, уақытты қызықты ету өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.

Қайта қарындаш алып ісіңізден не шыққанын жазыңыз. Мысалы, «Ия, менің жасым үлкен, жастардың ортасында үнемі ыңғайсызданатынмын, ал қазір жас айырмашылығының ештеңеге кедергі емес екенін, тіпті артық жақтары бар екенін түсіндім». Осылай бір аптадағы істеріңізді жазып отырыңыз, кейін жалпы қорытынды шығарасыз.


Жеңімпаз ретінде ойланыңыз

Жеңімпаз ретінде өмір сүру үшін жеңімпаз ретінде ойлану керек. Сіз жұмыс істеуге дайынсыз ба? Қандай жағдайда да нәтиже үшін соңына дейін күресуге келісесіз бе? Егер иә болса, бүгіннен бастап жұмысқа кірісіңіз. Жаңа жұмыспен жаңа тәжірбиелер келері анық. Тек бәріне дайын болыңыз!


Сеніміңізді бұзатын нәрсенің барлығына «жоқ» деңіз

Қазір көптеген жандар әлеуметтік желіге жеткен жетістіктерін салып, барын артығымен көрсетіп жатады. Соларды көріп отырып өз жетістігіңіз болмашы нәрсе көрінуі мүмкін. Бұл адамды уайымға салады. Сондықтан мұндай уайымға «жоқ» деңіз. Себебі сіз тек нәтиже ғана көріп тұрсыз, ал оған қалай жеткенін білмейсіз.

Қалауыңа жетуің қиын, сенің оған қабілетің жетпейді дейтін іштегі сыншыға «жоқ» деңіз.


Қорқыныш

Қалаған нәрсеге қол жеткізуге кедергі келтіретін ең үлкен нәрсе — қорқыныш. Шын мәнінде, өзгелердің пікіріне құлақ түрмеуге тырысу керек. Әйтпесе, елдің сөзі ешқашан да бітпейді. Нені дұрыс деп ойласаңыз, соны істеңіз. Ол сізге жеңіс әкелмесе де, тәжірбие жинақтауға көмектесуі мүмкін. Қорқынышты тек сенім ғана жеңе алады.


Негативті ойлау

Сізде кез келген жағдайда мыңдаған мүмкіндік бар екенін ұмытпаңыз. Сізді тұңғиыққа жетелейтін, үміт отын сөндіретін сезімдер мен ойлардан бас тартыңыз. Өзіңізді конструктивті түрде ойлауға үйретіңіз, себебі бұл сіздің қазіргі көңіл-күйіңізге ғана емес, болашағыңызға да әсер етеді. Сіз қалаған нәрсеңізге қол жеткізу үшін жеткілікті күшті, ақылды және еңбекқорсыз. Тек өзіңізге күмәндануға жол бермеңіз.


Жетістікке жететініңзіге сенбесеңіз де әрекет етіңіз

Әрбір әрекеттің түбі – берекет. Сондықтан жетістікке жетем деген қатты сенім болмаса да әрекет етуден қайтпаңыз. Оның нәтижесі болары анық. Әр әрекетіңіз үшін сәтті, сәтсіз болсын өзіңізді марапаттап отырыңыз. Егер ешқандай жетістікке жетпесеңіз, онда ол сыйлықтарды өзіңіздің табандылығыз үшін деп санайтын боласыз.

Сондай-ақ, өзіңізге сенімді болғыңыз келсе, қоғамдық орындарда көбірек болуыңыз керек. Бос уақытыңызда мейрамханаға, киноға, театрға, мұз айдынына, саябаққа барыңыз. Тіпті болмағанда дүкен аралаңыз.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.