Бүгінде еліміздің газбен қамтылу деңгейі – 64,2%, табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген.
ERNUR.KZ. Президенттің Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда өңірлерді газбен қамту жеделдетіледі. Халықты қамту деңгейі 2035 жылға қарай 80%-ға дейін жетпек, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Telegram-каналы.
Бүгінде еліміздің газбен қамтылу деңгейі – 64,2%, табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген. Биыл газ тасымалдау жүйесін дамыту 40 жоба аясында жалғасады, оның ішінде 7-сі бұрыннан бар және 33-і жаңа жоба.
Еліміздің солтүстігін көгілдір отынмен қамтамасыз етудегі негізгі қадам – Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырын салу туралы меморандумға қол қойылғаны. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік пайда болады.
«Елімізді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша газ транзиті – 70,4 млрд текше метр, 2026 жылға арналған жоспар – 73,3 млрд текше метр. 2026 жылдың 5 айындағы нақты көрсеткіш 30,3 млрд текше метрді құрады», – деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында.


