Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты Қазақстан елшілігі үндеу жасады

0
123

3 желтоқсан күні кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль "Корея Республикасын Солтүстік Корея коммунистік күштерінің қаупінен қорғау үшін" әскери жағдай жариялады.


Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты Қазақстан елшілігі үндеу жасады

фото/ Lee Jin-man

ERNUR.KZ. Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі ел аумағындағы қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп жазады sputnik.kz.
3 желтоқсан күні кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль "Корея Республикасын Солтүстік Корея коммунистік күштерінің қаупінен қорғау үшін" әскери жағдай жариялады.
Оңтүстік Корея басшысы әскери жағдайды "қирауға бет алған" Корея Республикасын қалпына келтіру және қорғау үшін" қолдануға уәде берді. Елдің қарулы күштері әскери дайындықта тұр. Полиция қорғаныс министрі, армия генералы Пак Ан Судың басқаруына берілді.
Әскери жағдай кезінде Ұлттық жиынның (Оңтүстік Корея парламенті) ғимаратына кіруге және шығуға тыйым салынады. Елде кез келген саяси қызметке, оның ішінде парламент пен партиялардың жұмысына, сондай-ақ наразылықтар мен ереуілдерге тыйым салынады. Барлық БАҚ жұмысы әскери қолбасшылықтың бақылауында болады: "жалған жаңалықтарды тарату, қоғамдық пікірді арандату және жалған насихат жүргізуге" тыйым салынады.
Осыған орай Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі жерлестеріне үндеу жариялады.
"Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз", - деп жазылған үндеуде.
Төтенше жағдай болған жағдайда қазақстандықтарға жедел желі арқылы елшілікке хабарласу ұсынылды.
Соңғы рет Оңтүстік Кореяда 1980 жылы әскери жағдай енгізілген. Корея Республикасы құрылғаннан бері (1948 жылдың 15 тамызы) елде он рет әскери жағдай жарияланды.
Корея Республикасы Конституциясының 77-бабына сәйкес, президент соғысқа, қарулы қақтығыстарға немесе ұлттық маңызы бар басқа төтенше жағдайға жауап ретінде әскери жағдай жариялай алады. Әскери жағдайдың екі түрі бар – төтенше және сақтану мақсатында енгізілгендер. Конституцияға сәйкес, Ұлттық жиын мүшелерінің көпшілігі президенттен әскери жағдайды алып тастауды талап етсе, ол олардың талаптарын орындауы керек.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль парламенттің президент ұсынған 677,4 триллион вон (483 миллиард доллар) 2025 қаржы жылына арналған бюджетті қабылдаудан бас тартып, қауіпсіздік, қорғаныс және құқық тәртібіне бөлінетін қаржыны 4,1 триллионға қысқартқанына жауап ретінде енгізді.