Орал халықаралық әуежайы неліктен ресейлік компания басқаруына берілді – әкімнің жауабы

0
496

Жалпы, әуежай 2009 жылдан бері жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған.


Орал халықаралық әуежайы неліктен ресейлік компания басқаруына берілді – әкімнің жауабы

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайында кімдердің үлесі бар екенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері әкімнен: «Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайды ресейлік олигархтың сенімгерлік басқаруға алғаны үлкен дау болған. Енді мұз айдыны, ат спорты мекемесі, «Ақ Жайық» футбол клубының стадионы сияқты нысандар осындай жолмен жеке қолға өтіпті. Осының салдарынан қазір спортшылар өздеріне ыңғайлы уақытта жаттыға алмай жүр екен. Мемлекет қаржыландыратын бұл нысандарды сенімгерлік басқаруға алған кімдер? Ресейліктер ме? Не себепті бұл мәселені облыс әкімдігі шеше алмай отыр?» - деп сұраған еді.

Облыс басшысының мәліметінше, Орал әуежайы ескірген. Жалпы, әуежай 2009 жылдан бері жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған.

«Әуежай терминалы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмеді. Соған байланысты ұшып-қонуға немесе кейбір әуе рейстерін ашуға мүмкіндік болмады. Ең қиыны, жолаушылар жертөлеге түсіп барып ұшаққа отыратын еді. Төмен түсуге мүгедек жандардың, балалы аналардың еш мүмкіндігі болмады», - деді өңір басшысы.

Оның атап өтуінше, әуежайға 6,6 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алаңы 10 мың шаршы метрге ұлғайтылған.

«Неге Ресей компаниясы? Жалпы, өздеріңіз білетін боларсыздар, бұл әуежайдың жыры біраздан бере келе жатыр. Бүгінде ресейлік «Ретранс» компаниясының әуежайда 49 пайыз үлесі бар. 49 пайызы Қазақстан азаматы Дәулетхан Қилыбаевқа тиесілі. Қалған 2 пайызы да Қазақстан азаматында, яғни, 51 пайызы бізде. Ол – басқарушы компания. Демек, әуежайдың ұшып-қону жолағы, терминалы мемлекет меншігінде. Олардың меншігінде тек қана ұшақ ұшып келгенде бұрылатын шағын учаске мен тұрақ бар. Қалған барлық стратегиялық нысан мемлекет меншігінде», - деді Нариман Төреғалиев.

Оның атап өтуінше, мұз айдыны, стадион сынды нысандар бәсекелестік ортада болуы тиіс.

«Бүгінде мұз айдыны қателеспесем Рубцов деген азаматта. Сол азаматқа 2021 не 2022 жылы сенімгерлік басқаруға берілді. Қазір жұмыс істеп жатыр. Біз сенімгерлік басқаруға алған компаниялардың алдына нақты тапсырмалар қойып отырмыз. Олар жұмыс істейміз деп алды... Олар келісімге сәйкес талаптарды орындауы керек. Егер келісімшартта көрсетілген талаптар орындалмаса, халыққа сапалы қызмет көрсетпесе, онда мемлекет нысанды қайтарып алуға құқылы, яғни мемлекеттің ондай қызметі көзделген. Нысандар жекеге өтіп кеткен жоқ. Уақытша сенімгерлік басқаруға берілді», - деді облыс басшысы.