Оралда 3 адамның өліміне әкелген кафедегі жарылыс бойынша сот шешімі шықты

0
567

4 қаңтарға қараған түні Орал қаласында Rizyq кафесінде газ жарылып, екі қабатты ғимарат қираған еді.


Оралда 3 адамның өліміне әкелген кафедегі жарылыс бойынша сот шешімі шықты

ERNUR.KZ. Оралда Сырым Датұлы көшесіндегі екі қабатты Rizyq кафесінде болған жарылыс туралы іс бойынша шешім шықты. Газ-ауа қоспасының жарылуынан дәмхана ғимараты қирап, өрт шыққан. Өрт салдарынан үш адам қаза тауып, алтауы ауыр күйік алды, деп жазады stan.kz.

Оқиға 4 қаңтарда сағат 02:00 шамасында болған еді. Rizyq кафесін жалға алған 34 жастағы Меңдібек Уәлиев сотқа тартылды. Ол Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша айыпталды.

Бұған дейін сотталушының адвокаты Тамара Сәрсенова айыпталушыны үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ сот өтінішті қанағаттандырған жоқ. Сонымен қатар адвокат жарылысқа себеп болған газ баллонын пайдаланған және оны толтырған адамдарды жауапқа тартуды сұрады. Сәрсенованың айтуынша, жанармай құю бекетінде газ баллондарын ағайынды аспаз Исмаиловтар толтырып, мекемеге кіргізген.

“Сот Меңдібек Уәлиевті кінәлі деп танып, 3 жыл кәсіпорындарда әкімшілік, шаруашылық және ұйымдастырушылық қызметпен байланысты басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар үш жәбірленушіге жалпы сомасы 20 миллион теңгеге жуық материалдық және моральдық шығынды өтеуі тиіс”, – деп мәлімдеді Орал қалалық қылмыстық соттың баспасөз қызметі.

Уәлиев қылмысын ең төменгі қауіпсіздік атқару жүйесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 4 қаңтарға қараған түні Орал қаласында Rizyq кафесінде газ жарылып, екі қабатты ғимарат қираған еді. Кейін қирандылар арасынан үш адамның денесі табылды. Осыдан соң кафені жалға алған адам ұсталғаны айтылды.