Оралда балалар үйінің түлектері жасөспірімдер үйінен көшпейміз деп қарсылық білдірді

0
1 367

Бірнешеуі ғимараттың төбесіне шығып кетіп, әкімдер келгенше түспейтінін айтты.


Оралда балалар үйінің түлектері жасөспірімдер үйінен көшпейміз деп қарсылық білдірді

ERNUR.KZ. Орал қаласында «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері көшуге қарсылық білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің меңгерушісі Өмірбай Қалымбетовтің айтуынша, аталмыш ғимарат жөндеуге байланысты төрт айға жабылғалы отыр.

Оның сөзіне қарағанда, сол себепті онда тұратындар уақытша басқа жерге көшіріледі.

Заң бойынша «Шаңырақ» үйінде жасы 23-тен асқандар тұрмауы тиіс. Соған қарамастан, жетімдер болғандықтан көпшілігі - сол жастан асып кеткендер.

Бүгін солардың кейбірі «Біз жөндеу біткенде мұнда қайтып кіре алмаймыз, кепілхат жоқ» деп наразылық танытты.

Бірнешеуі ғимараттың төбесіне шығып кетіп, әкімдер келгенше түспейтінін айтты.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов келіп, мән-жайды түсіндіріп, бәріне де кепілхат берілетінін жеткізді.

«Қазіргі кезде кепілхат дайындалу үстінде. Уақыт жоғалтпас үшін «Шаңырақта» тұратындар бұл жерден көшуге тиіс. Кейбірі көшіп те жатыр», - деді Ө.Қалымбетов.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов «Шаңырақтың» облыстық білім басқармасының теңгерімінде екенін, онда тұратындарға уақытша жатақхана мен лагерьден орын берілетінін, жөндеу біткеннен кейін бәрі кері оралатынын жеткізді.