Оралда қосалқы электр станциясына шығып алған 10 жасар оқушы қаза тапты

0
101

​Қайғылы оқиға 1 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында болған.


Оралда қосалқы электр станциясына шығып алған 10 жасар оқушы қаза тапты

Фото: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Орал қаласының Круглоозерное кентінде қосалқы электр станциясының үстіне шығып алған 10 жасар оқушы қаза тапты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қайғылы оқиға 1 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында болған.

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті оқиға туралы ақпаратты растады.

«Бала биіктен құлап, алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында есін жимастан көз жұмды. Қазір аталған факті бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп түсіндірді ведомство.

3 қыркүйекте баланы жер қойнына тапсырды. Ол жергілікті мектептің 5-сыныбында оқыған. Сыныптастарының ата-аналары баланы ақкөңіл, ізденімпаз әрі белсенді оқушы ретінде еске алды.

«1 қыркүйекте ол басқа оқушылар сияқты мектепке барды. Үйіне келіп, тамақтанып, далаға шыққан. Сол күні кешке оның қаза тапқаны туралы естідік», – дейді сыныптастарының ата-аналары.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бала достарымен бірге болған. Алайда олар оның қосалқы станция аумағына қалай кіріп кеткенін байқамаған.

«Жанында болған достары оның қасынан қалай кетіп, қосалқы станцияға барғанын байқамай қалған. Олар жағдайды электр соққысы болған сәтте ғана түсінген: қатты ұшқын пайда болып, баланы ұшырып жіберген, салдарынан басынан қатты соғып алды. Кейін кернеудің 10 мың вольт болғаны, ал электр разряды иығынан аяғының башпайына дейін өткендігі анықталды», – дейді ауыл тұрғындары.

Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін марқұмның ағасы сол жерге жүгіріп келіп, оған көмек көрсетуге тырысқан. Алайда баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Жергілікті тұрғындар қосалқы станцияның ашық жерде орналасқанын да айтып отыр. Олардың сөзінше, нысанның аумағы қоршалмаған, ал есігі жиі ашық тұратын көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, балалар қосалқы станцияның маңайында үнемі ойнап жүреді екен.

Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы тергеу әрекеттері аясында анықталып жатыр.