Оралда үйінің ауласындағы ойын алаңында ойнап жүрген 13 жастағы бала екі саусағынан айырылды.
ERNUR.KZ. Оқиға 27 шілдеде болған, деп жазады Stan.kz.
Зардап шеккен баланың анасының сөзінше, сол күні ұлы достарымен бірге ойнауға кеткен.
"Біраз уақыт өткен соң досы қоңырау шалып, алаңға келуімді сұрады. Ол баламның саусағын жұлып кеткенін айтты. Қалай жүгіріп барғаным есімде жоқ. Никитаны көрдім, қарасам, саусағының бөлігі жерде жатыр. Денем дірілдеп кетті", – дейді анасы Қарлығаш.
Жедел жәрдеммен байланысу мүмкін болмағандықтан, әкесі ұлын облыстық ауруханаға алып барған. Алайда бұл жерде қабылдамай, балалар ауруханасына жіберіпті. Сол кезде Қарлығаш баласының жарақатын тазартып беруді сұраған. Ал балалар ауруханасында ұлының тағы бір саусағының буынын кесіп тастаған. Анасы ұлының есеңгіреп қалғанын, алған жарақатынан ұялатынын айтады.
"Қазір өтпелі кезең, ал алаңдағы балалар енді оны әскерге алмайтынын айтқан. Балам әскери қызметкер болғысы келеді. Енді саусақсыз қалай өмір сүретінін ойлап, уайымдайды. Оның үстіне бокспен шұғылданады. Бұған дейін де осындай жағдай болған, бірақ алған жарақаттары ауыр емес еді. Бұл қашанға дейін жалғаса береді? Жақында бір ұлдың үстіне қақпа құлап, мерт болды. Келесі күні біздегі спорт алаңына келіп, қақпаны бекітіп кетті. Барлығы тек қайғылы оқиға болған соң ғана жасалады", – деп қосты анасы.
БҚО полиция департаментінде аталған деректің Қылмыстық кодекстің 306-бабы "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша тергеу бастаған.
Дегенмен қауіпті аттракционды ойын алаңынан алып тастауға ешкім асықпайды. Қала әкімдігінің өкілдері мұны кейінірек жасауға уәде берген.