Оралда суға батып кеткен алты жасар баланың қалай қаза тапқаны белгілі болды.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, оқиға 25 шілде күні «Арна» демалыс базасында болды. Суға батып кеткен алты жасар ұл баланы құтқарушы алып шыққан. Жедел жәрдем келгенге дейін маманның көмегімен жансақтау шаралары жүргізілген, деп жазады inform.kz.
Орал қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Дияс Жайлаубайұлының нақтылауынша, бала өте ауыр жағдайда, ІІ-ІІІ сатыдағы комада түскен. Оттегі мөлшері (сатурация) 0 пайыз болған. Қан қысымы айқындалмады, тынысы әлсіз болды, өкпесі суға толып кеткен.
Дәрігерлер жансақтау іс-шараларын жүргізіп, баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосқанына қарамастан, оң динамикаға қол жеткізілмеді. Бала келесі күні таңда көз жұмды.
Қазіргі кезде оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.


