Жүйенің біркелкі жұмысын қамтамасыз ету үшін ноутбукты таблоның артқы жағына орнату туралы шешім қабылданған.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Оралдағы арнайы ХҚКО-лардың бірінде түсірілген күлкілі сурет тарады, деп жазады tengrinews.kz.
Суретті Qumash Instagram-парақшасы жариялаған. Онда электрон кезекті көрсететін ноутбук түсірілген. Бұл ретте гаджет төбеде ілулі тұрған теледидардың артқы жағына бекітілген.
Жазба сипаттамасында "өнертабыс" авторының тапқырлығы талқыланып жатыр.
"Why ноут?", "99-деңгейдегі айтишниктер", "АйТишниктер керемет! Мәселені тез және арзан шешіпті. Жақсы шағын компьютер, қанша тұрады? 400 мың?" "Істен шыққан ноутбук пайдасын тигізді", "Заманауи мәселелер заманауи шешімдерді талап етеді", - деп қолданушылар күлкілі пікірлер қалдырған.
"Мемлекеттік корпорацияның БҚО бойынша филиалы электрон кезек таблосы (теледидар экраны) ноутбук арқылы жұмыс істейтінін хабарлайды. Бүкіл процесс (кезекке тұру тәртібі, клиентті шақыру, хабарлау және т.б.) ноутбук арқылы басқарылады. Бұл ноутбук HDMI кабелі арқылы негізгі таблоға қосылған, ол арқылы электрон кезек тәртібі хабарланады", - деп жауап берді Азаматтарға арналған үкімет баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі мекемеде төбенің биіктігі 8 метр болатынын, бұл күту залының ортасына орнатылған таблоға кабель жүргізуді қиындататынын айтады. Жүйенің біркелкі жұмысын қамтамасыз ету үшін ноутбукты таблоның артқы жағына орнату туралы шешім қабылданған.