Ораза кезінде неге укол салдыра беруге болады?: ҚМДБ жауап берді

0
2 316

Ораза ұстаған жан, алдымен, дәрігерден уколдың қандай дәрі екенін сұрауы шарт.


Ораза кезінде неге укол салдыра беруге болады?: ҚМДБ жауап берді

ERNUR.KZ. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі уколдың оразаның бұзылуына қаншалықты қатысы барын айтты, деп жазады Stan.kz.

Шариғат бойынша, табиғи жол (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген нәрсе оразаны бұзбайды. Бұған терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды деген пәтуа дәлел.

«Имам Әбу Юсуф пен Имам Мухаммад (Алла оларды рақым етсін) бұл үкімді былай тұжырымдаған: яғни қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені олардың пікірі бойынша дәрінің ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Сондай-ақ жара арқылы ішке баратын жолдың тығыздылығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан дәрінің ішке жетуі екіталай», - делінген ақпаратта.

Әрі қарай Имам Әбу Ханифаның қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жеткені үшін ораза бұзылады, деп ескерткенін алға тартады. Бүгінгі таңда ғалымдар укол арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты адам ағзасына азық, қуат болатын және емделу үшін деп екіге бөліп жүр. Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) укол салса, ауыз ашылмайды.

Алайда көк тамыр арқылы укол салу мәселесіне келгенде ғалымдардың пікірі екіге айырылады. Көптеген ғалым тамыр арқылы салынған укол денеге қуат немесе азық болмаса, ораза бұзылмайды деген пікірді ұстанады.

«Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды», - делінген ақпаратта.

Осы орайда ораза ұстаған жанның, алдымен, дәрігерден уколдың қандай дәрі екенін сұрауы шарт. Егер ораза кезінде укол салу аса қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейін немесе рамазан айынан басқа уақытта салдырған абзал.