Orda.kz бас редакторына қатысты қылмыстық іс қозғалды

0
83

Полицияның алдын ала мәліметі бойынша ол бірнеше рет шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан.


Orda.kz бас редакторына қатысты қылмыстық іс қозғалды

фото: акимат Алматы

ERNUR.KZ. Алматыда Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады sputnik.kz.
Ол қасақана және бірнеше рет жалған мәлімет таратты деген күдікке ілінген.
"Тергеу шаралары аясында арызданушылардың уәжі жан-жақты тексеріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органдары қызметкерінің пара алып ұсталғаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды", - дейді ведомство.
Осылайша Бажкенованың әрекеті жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған.
"Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген", - дейді полиция департаменті.
Бұдан бөлек, өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арызы бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Аталған жарияланымдарда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкін деген болжам бар.
"Азамат Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электронды құрылғылар мен материалдар тәркіленуде", - дейді полиция.
Тергеу жалғасып жатыр. Барлық мән-жай қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталады.