Бұл тізімге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету қызметін атқаратын мамандар да еніп отыр.
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Енді құтқарушылар мен өрт сөндірушілер тұрғын үй төлемдерін ала алады, деп жазады inbusiness.kz.
Бүгін Сенаттың жұмыс тобы осыған қатысты жаңа заң жобасын талқылады. Заң аясында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне ай сайын төлем беру қарастырылған. Бұған дейін тек 2022 жылдан кейін қаза тапқан әскерилердің жақындары ғана мұндай төлемге құқылы болған.
Бұл заңның бірқатар тармақтарына өзгеріс енгізілмек. Мәселен, жергілікті полиция қызметін тарату көзделген. Жергілікті полиция қызметінің орнына екі жаңа бөлімше құрылады: құқықбұзушылықтың алдын алу басқармасы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармасы.
– Бұл нормалар жаңа қауіптерге жедел тосқауыл қоюға, заң мен тәртіп қағидасын тиімді іске асыру, жедел құрамды тиімді қолдануға, дара басшылық принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ішкі істер органдарына қосымша өкілеттілік беру арқылы қос азаматтықтың азаюына және азаматтықтан шығушылар үшін ыңғайлы механизм жасалынады. Сондай-ақ заң бойынша бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов.
Жоғары палата өкілінің айтуынша, бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалмақ. Бетті тұмшалау бейнебақылау жүйесіне кедергі келтіреді. Ал, бетті жаппайтын діни киімге мұның қатысы жоқ.