Орталық Азияда Қазақстан мемлекеттік қарыз бойынша бірінші орында

0
192

Аймақ бойынша қарар болсақ, осы жылдың басында ең ірі мемлекеттік қарыз Қазақстанға (59,8 млрд доллар) тиесілі.


Орталық Азияда Қазақстан мемлекеттік қарыз бойынша бірінші орында

Фото: kapital.kz

ERNUR.KZ. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары жалпы әлемдік мемлекеттік қарыз деңгейі бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетіп, күрт өскенін айтады, деп жазады inbusiness.kz.

"Осы жылдың соңына қарай мемқарыз 100 триллион АҚШ долларынан асады немесе әлемдік жалпы ішкі өнімнің 93 пайызын құрайды және 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 100 пайызына жетеді деп күтілуде. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда, яғни пандемияға дейінгі ЖІӨ-ден 10 пайыздық тармаққа жоғары", – делінген Қордың сайтындағы мақалада.

ХВҚ-ның бағалауынша, жағдай күрделі болғанымен (елдердің үштен екісі мемлекеттік қарызды тұрақтандырады немесе азайтады деп күтілуде), болашақта қарыз деңгейі тіпті болжап отырған көрсеткіштерден асып кетуі мүмкін.

Олар әсіресе жаһандық қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы алдағы бес жылда болжамнан 10%-ға жоғары болуы мүмкін екенін атап көрсетеді.

"Төтенше жағдай туындаса, жаһандық мемлекеттік қарыз үш жылда ЖІӨ-нің 115 пайызына жетуі мүмкін – қазіргі болжамнан 20 пайыздық тармаққа жоғары", – деп жазады басылым.

Қор сарапшылары елдердің үштен екісінде қарыз тұрақталады немесе азаяды деп болжайды, бірақ борыштық жүктеме әлі де пандемияға дейін күтілгеннен әлдеқайда жоғары.

АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Франция, Италия мен Оңтүстік Африка сияқты елдерде мемлекеттік қарыз өсе береді деп күтілуде.

Орталық Азия елдерінен алынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың басында Қазақстан ең көп мемлекеттік қарызға (59,8 млрд доллар) ие болып, көш бастады. Ал Тәжікстанның қарызы (3,6 млрд доллар) салыстырмалы түрде ең аз болып шықты.

Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы бойынша Түркіменстанның қарызы (5%) ең қолайлы жағдайда, ал мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге ең жоғары қатынасы Қырғызстанда (45,2%) тіркелді.

Жалпы, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қарызы 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша келесідей болды:

  • Қазақстан – $59,8 млрд, ЖІӨ-нің 23%;
  • Тәжікстан – $3,6 млрд ($3,2 млрд – сыртқы қарыз, $0,4 млрд – ішкі қарыз), ЖІӨ-нің 30,2%;
  • Қырғызстан – $6,2 млрд ($4,6 млрд – сыртқы, $1,6 млрд – ішкі), ЖІӨ-нің 45,2%;
  • Түркіменстан – 3,8 млрд доллар, ЖІӨ-нің 5%;
  • Өзбекстан – 34,9 млрд доллар (29,6 млрд доллар – сыртқы, 5,3 млрд доллар – ішкі), ЖІӨ-нің 34,4%-на тең.