Қарт әйелге екі айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Ресейдің Орынбор облысында сот Қазақстан азаматына қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қабылдады. Әйел екі құқық қорғау органының қызметкеріне күш қолданған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 74 жастағы зейнеткер Ресей Федерациясында тұратын қызына бару үшін жолға шыққан. Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны ол автокөлікпен кесіп өтіп, ұшақпен жолын жалғастырмақ болған. Тексеру кезінде әйелдің қол жүгінен май құйылған 5 литрлік құты табылған.
«Жүк тасымалдау ережесіне қатысты ескерту әйелдің агрессиясын тудырған, зейнеткердің жұдырығынан құқық қорғау органының екі қызметкері зардап шекті», – деп жазылған іс материалында.
Сотқа бұлтартпау шарасын қарастыру үшін жеткізілгенде, әйел кінәсін мойындамай, билік өкілдеріне күш қолданбағанын мәлімдеген.
Сот әйелдің егде тартқанын ескеріп, жеңілдеу бұлтартпау шарасын – кепіл немесе үйқамақты таңдау мүмкіндігін берген.
«Алайда әйелдің тәртіп мен ережеге бағынғысы келмейтіні анықталды. Сонымен қатар, сот зейнеткердің жақын арада Ресей Федерациясының аумағынан кетуге ниет білдіргенін ескере отырып шешім қабылдады», – деп көрсетілген іс материалдарында.
Жиналған деректер негізінде сот зейнеткерге екі айға қамауға алу бұлтартпау шарасын қолданды.


