Pixabay.com
ERNUR.KZ. Алматыда дүкен қызметкерінен өзімен тек орыс тілінде сөйлесуді талап етіп, жанжал шығарған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Жанжал кассадағы ұзын-сонар кезекке байланысты шыққан. Әйел дүкенде кассалардың неге толыққанды жұмыс істеп тұрмағанына наразылық білдіріп, әкімшіден түсінік беруін сұраған. Қызметкер қазақша жақын арада тағы бір кассир келетінін айтқан. Алайда бұл жауап әйелдің ашуына одан сайын тиген.
“ Маған орысша жауап беріңіз. Мен сізге орыс тілінде сұрақ қойдым “, – дейді бірнеше рет талап қойған әйел.
Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі видео жарияланғаннан кейін дүкен қызметкеріне қолдау білдіріп, сатып алушының әрекетін сынады. Кейбірі оның кім екенін анықтап, заң аясында жауапқа тартуды талап етті.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің кім екені анықталған.
“ Әйелге қатысты әкімшілік іс материалдары жиналып, сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды “, – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары қоғамда араздықты қоздыруға бағытталған кез келген арандатушылық пен агрессиялық әрекеттерге заң аясында тосқауыл қойылатынын ескертті.
ДЕПУТАТ ПІКІРІ
Осы оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи де пікір білдірді. Оның айтуынша, тиісті органдар бейнежазба авторын анықтап, өз елінде қазақ тілінде сөйлеген азаматқа көрсетілген заңсыз қысымға байланысты шара қабылдауға кіріскен.
“ Тиісті органдар видеоның авторын тапты. Өз жерінде, өз елінде, өз тілінде сөйлеген қазақ қызына жасалған заңсыз қысымға қатысты шара қолдану қолға алынды! Біз бұл қазақ қызын қорлауға, тілдік негізде қудалауға ұшырауына жол бермейміз! “ – деп жазды депутат.


