Қылмыскер бойжеткенді тек қорқытқысы келгенін айтады
ERNUR.KZ. Өскемен тұрғыны өзін балағат сөз айтып қорлаған сүйіктісін тірідей жағып жіберді. Азамат сот алдында марқұмды тек қорқытпақ болғанын жеткізіп, қасақана өлтірмегенін айтқан, деп жазады NUR.KZ.
Өскеменнің төрт тұрғыны гаражда алкогольдік ішімдік ішіп отырған. Бір уақытта сусындары таусылып, екі азамат тағы да сатып алып келуге шығып кетеді. Сол кезде жеке қалған ер кісі мен бойжеткеннің арасында түсініспеушілік басталған.
Гараж иесі сүйіктісінің ескі реніштерін еске алса, жанындағы қыз оны бейәдеп сөздермен балағаттай бастаған.
Өзін қорлап жатқанда қарап тұра алмаған ер адам бойжеткенді гараж шұңқырына құлатып, үстіне бензин шашып өртеп жібереді. Ал өзі далаға қашып шығып, тығылып қалған көрінеді.
Дүкенге кеткен екі азамат гараждан түтін шығып жатқанын байқап, оқиға орнына жүгіріп келген. Олар қыздың үстіндегі отты сөндіріп, жедел жәрдем шақырады. Алайда қыздың денесін әбден күйік шалып, аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмыпты.
Сот отырысында қылмыскер бойжеткенді тек қорқытқысы келгенін айтып, оны қасақана өлтірмедім деп ақталған.
Өскеменнің мамандандырылған ауданаралық соты азаматты адам өліміне кінәлі деп тауып, 16 жыл қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеу туралы үкім шығарды.