Отбасы мүшелерін балағаттағандарды қамауға алу мерзімін ұзарту ұсынылды

0
715

Осы орайда отбасында жанжал жасағандар тек бір тәулікке қамауға алынып, босатылып жатқанын айтылды.


Отбасы мүшелерін балағаттағандарды қамауға алу мерзімін ұзарту ұсынылды

ERNUR.KZ. Отбасында жанжал жасағандар көбіне кешірім сұрап құтылады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Заң жобасында құқық бұзушыларға жауапкершілік шараларын қатаңдату ұсынылған. Осылайша, отбасы мүшелеріне балағат сөздер айтқаны, тіл тигізгені және олардың қадір-қасиетін төмендеткені үшін әкімшілік қамауды 5-тен 10 тәулікке дейін, ал қайталап бұзған жағдайда 15 тәулікке дейін ұлғайту бойынша түзетулер жұмыс тобында қаралып жатыр. Осы түзету бойынша Бас прокуратура өкілінің пікірін білгім келеді», - деді депутат Нұржан Әшімбетов.

Өз кезегінде Марат Ахметжанов жауапкершілік шараларын күшейтуді қолдайтынын жеткізді.

«Дегенмен, тиісті қатайту шаралары оңтайлы нәтижесін бермей жатыр. Былтыр тиісті заң қабылданып, қосымша баптар енгізілген еді. Нақты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қамауға алу көрсетілген. Бірақ та сол нормалардың өзі қолданылмай келеді. Заң бойынша көбейткенімен, қолданыста болмаған соң оның нәтижесі болмайды. 5-тен 15 тәулікке дейін көбейтеміз де, жұмыс жасалды деп отырамыз. Бүгінде осыны ұйымдастыру жағынан кемшіліктер бар, оны мойындаймыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Осы орайда ол отбасында жанжал жасағандар тек бір тәулікке қамауға алынып, босатылып жатқанын айтты.

«Былтыр желтоқсанда үш тәуліктен бес тәулікке дейін ұзарттық. Алайда осы бап бойынша сол 5 тәулікті алып жатқан адам жоқ, барлығы бір тәулікпен шектелуде. Неге олай болып жатыр? Өйткені бір тәулік бойынша бұзақы адамды алып келеді де, ішкі істер органдары 24 сағат ұстайды. Сотқа берген кезде жәбірленушілер, отбасы мүшелері келіп, кешірім сұрайды да, бір тәулікпен тоқтатылады», - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.

Бұл тұрғыда ол кешірім сұрау тек бір рет болуын қолдайтынын, екінші рет қайталанса, қамауға алу тәртібі іске асырылуы керектігін айтты.

«Әкімшілік кодексте ұрып-соққаны үшін 15 тәулікке дейін, ал жеңіл жарақат жасағаны үшін 20 тәулікке қамауға алу ескерілген. Өкінішке қарай, бұл институттар жұмыс істемей тұр», - деді Марат Ахметжанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.