Депутат бірқатар өңірде шаруалардың қиналып жатқанын айтып, мәселені тез арада шешудің жолдарын ұсынды.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай енгізуді ұсынды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Теңіздер мен өзендердің тартылуы, жауын-шашынның нормадан аз түсуі көптеген аймақтың, соның ішінде Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының шаруаларына қиындық туғызуда. Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі – төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда", - деді Жаңбыршин мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, су тапшылығы мен қуаңшылық салдарынан жайлымдық жерлердің жағдайы мүшкіл. Малдың шығыны көбейіп кетті. Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы Маңғыстау облысында 4 883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл үш айдың ішінде ғана 1 332 бас мал өлген.
"Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз. Мұндай жағдай Қызылорда облысында да тіркеліп, 481 бас мал өлген. Бұл жағдай мал азығының бағасын еселеп көтеріп жіберді. Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір келі арпаның бағасы 95 теңгеге жетті. Ал көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады", - деп атап көрсетті Жаңбыршин.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдары жем-шөп жеткізу бойынша жұмысты қолға алды. Алайда ол көмек бәріне бірдей жетіп отырған жоқ. Бұның барлығы әрбір өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеулерге негізделген еліміздің мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі және жоспарлы жұмыстың жоқтығын айқын көрсетіп отыр.
"XXI ғасырда космосты игеріп, Австралия мен Канадан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят! Қазақ атымызға сын емес пе?", - дейді Жаңбыршин.
Мәжілісмен үкіметке депутаттық сауал жолдап, жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жариялауды ұсынды. Соның аясында шаруаларға материалдық қорлардан нақты көмек берілуі керек. Бұдан бөлек, көрші облыстардан тасымалданатын мал азығының жол шығындарын субсидиялап, тез арада мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша пайдалануға берілуі қажет.