Фазылбек Мейрамұлының айтуынша, қыстан кейін, оның үстіне, биылғы омикрон штамынан кейін тұрғындардың иммунитеті төмендеп, адам ағзасы әлсірейді.
Нұр-Сұлтан қаласының №10 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімінің меңгерушісі Құрманбеков Фазылбек коронавирустың омикрон штамы туралы сұрақтарға жауап беріп, пандемия осымен бітеді деген үміт барын айтты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ. coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.
"Пандемия осымен бітеді деп үміттенеміз. Бірақ бұл вирус толығымен жойылады, одан арыламыз деген сөз емес. Вирус мутацияланады және ол бізбен бірге басқа да вирус түрлері сияқты "өмір сүреді". Оны жеңудің тек бір жолы бар. Біз коронавирусқа тек тұрғындарды вакцина, ревакциналау арқылы ғана төтеп бере аламыз. Азаматтар толығымен вакцина алған жағдайда ғана, вирустың алдын алып, оны басқаруға мүмкіндік туады", - дейді Құрманбеков Фазылбек.
Фазылбек Мейрамұлының айтуынша, қыстан кейін, оның үстіне, биылғы омикрон штамынан кейін тұрғындардың иммунитеті төмендеп, адам ағзасы әлсірейді. Әдетте бір инфекциялық ауру бәсеңдегенде, басқасы өршиді.
"Қазіргі уақытта бізде коронавирус бәсеңдеп, көктемге қарай ЖРВИ жұқтыру қаупі жоғарылап отыр. Негізі, коронавирустан кейін көпшілік ЖРВИ-ға үстірт қарап, оның алдын алу шараларына мән бермей жүр. Бірақ бұлай болмайды. ЖРВИ-ға шалдыққан адамдар үстіртін қарау салдарынан ауруын асқындырып алып, соңы пневмонияға дейін әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті азаматтарға қазір барынша сақтанып, иммунитетті көтеру жағына мән беру керек. Ал, жалпы биыл көктемде ЖРВИ-ды жұқтыру қаупі жоғары болады деп болжап отырмыз және ол әдеттегідей балалардың арасында таралуы мүмкін", - дейді дәрігер.
Маман елімізде қаңтар-ақпанда өршіген омикрон штамына көп азамат салғырт қарап, оны ЖРВИ деп ойлағанын айтты. ПТР тест тапсырмай, үйден емделді, дейді ол.
"Алайда олардың басым көпшілігі кейін тест тапсырғанда, ағзада антидене көп екені анықталды. Бұдан биыл жыл басында ел азаматтары омикрон штамын жұқтырғанын анық көруге болады. Иә, коронавирустың қазіргі штамының белгілері ЖРВИ-мен ұқсас болып отыр. Алдыңғы штамдарда, мәселен, адамның дене қызуы көтерілуімен қатар, дерт өкпенің қабуына – пневоманияға дейін асқынып кететін. Қазір керісінше мұндай жағдайлар аз. Сол себепті мынау коронавирус, ал басқасы ЖРВИ деп нақты айту қиын", - деді Фазылбек Мейрамұлы.
Фазылбек Мейрамұлы қазір Ashyq қосымшасын, көшеде бетперде тағу режимін алып тастап жатқанын айтты. Алайда бізге әлі де босаңсуға болмайды. Оның айтуынша, вакцина – қай заманда да қауіпті вирусты жеңудің ең ұтымды тәсілі екенін ғалымдар баяғыда-ақ дәлелдеп берген.
"Сондықтан COVID-19-ға қарсы вакцина салдыру әр саналы азаматтың борышы болуға тиіс. Вакцина салғызбаған азаматтар керісінше, осы әрекеттерімен ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін. Иә, бастапқыда көптеген азаматтар вакцинадан қорыққаны рас. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, тек вакциналанған адамдар ғана бұл індетке төтеп бере алады. Қазір білсеңіздер, онкологиялық ауруларға, тіпті туберкулездің белсенді фазасына шалдықпаған науқастарға да вакцина салынып жатыр", - дейді маман.