Парламент мақұлдады: Қазақстан 430 сарбазын шетелге жібереді

0
563

Парламент палаталарының бірлескен отырысында президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысы мақұлданды.


Парламент мақұлдады: Қазақстан 430 сарбазын шетелге жібереді

ERNUR.KZ. Қазақстанның Таяу Шығыс елдеріне жіберілетін сарбаздары резервте болады. Коменданттық сағатта жүріп, БҰҰ нысандарын қорғайды. Патруль жүргізеді. Марш жасайды, басқа да функционалдық міндеттерді орындайды, деп жазады ulysmedia.kz.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысы мақұлданды.

Отырыста қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 2014 жылдан бастап Қазақстанның 67 офицері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Малидегі, Орталық Африка Республикасындағы және Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысқанын атап өтті. 2018 жылдан бастап Қазақстан 538 әскери қызметшісі бітімгершілік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысқан

Қазір де Қазақстанның әскерилері БҰҰ-ның миссияларында: Батыс Сахарада 6 офицер, Орталық Африкада 2 офицер, Конгода 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші қызмет өткеріп жатыр.

– Бітімгершілік миссияларын қысқарту аясында бітімгершілік әскери контингентті жеткізуші елдер арасында бәсекелестік артуда. БҰҰ-ның бітімгершілік қызметі шеңберінде Қазақстанның позициясын бекіту мақсатында БҰҰ Жарғысының VII тарауы аясында Қазақстан Қарулы күштерінің БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы, Оңтүстік Судан Республикасындағы және Абьейдегі бітімгершілік миссияларына қатысу географиясын біртіндеп кеңейтуді орынды деп санаймын және жалғастыруды ұсынамын. Геосаяси шиеленістің өршуі жағдайында өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлер пайда болуда, олардың бір бөлігі әскери әдістермен ден қоюды талап етуі мүмкін. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік даярлығын одан әрі нығайту және қазіргі заманғы қатерге қарсы іс-қимыл жасауда практикалық тәжірибе игеру мәселесі аса өзекті. БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстанның Қарулы күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын, бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді Руслан Жақсылықов.

Министрдің айтуынша, Қарулы күштердің әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде жекелеген әскери қызметшілерді, сондай-ақ БҰҰ миссияларында барынша сұранысқа ие болып отырған жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік мамандандырылған бөлімшелерді бөлуге дайын.

– БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштері» миссиясына резервтегі рота ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын бірінші дербес ұлттық бітімгершілік контингентті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен жіберуді ерекше атап өту қажет. Өрістетуді 2024 жылғы наурыздан бастап жүргізу жоспарлануда. Ол үшін БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын халықаралық шарт жасалады (ратификациялануға тиіс). Контингентті және мүлікті тасымалдау Қазақстан тарабының есебінен жүзеге асырылады. Өрістету мерзімі белгіленген нақты бөлімшелер мен операциялар БҰҰ-ның хатшылығымен жұмыс барысында айқындалатын болады. Әрбір жеке өрістету (бітімгершілік операция) үшін тиісті нормативтік-құқықтық база (меморандум) әзірленеді, – дейді ол.

Осы айтылғандардың негізінде Конституциясының 53-бабының 5 тармақшасына сәйкес БҰҰ-ның мына миссияларына:

  • 1) «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне» (UNDOF, Сирия – Израиль);
  • 2) «БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына» (UNTSO, Палестина – Израиль);
  • 3) «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына» (UNMISS, Оңтүстік Судан);
  • 4) «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне» (UNISFA, Судан) қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін (резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери байқаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберу жөнінде ұсыныс енгізілген.

Депутаттар осы ұсынысты қолдап дауыс берді.