Партиялар бәсекелестік ортада жұмыс істей алады - Мұрат Бақтиярұлы

0
854

Депутаттың пайымынша, бұл өз кезегінде жақсы үрдіс болады.


Партиялар бәсекелестік ортада жұмыс істей алады - Мұрат Бақтиярұлы

ERNUR.KZ. Партиялар бәсекелестік ортада жұмыс істей алады. Бұл пікірді сенатор Мұрат Бақтиярұлы білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Партия құруға ниетті белсенді азаматтар партияны тіркеуге мүмкін алады. Екіншіден, сайлауға қатысты заңға өзгертулер енгізіледі. Ал Президенттің құзыретіне тоқталсақ, Мемлекет басшысы өзінің өкілеттігінің біразынан бас тартты. Оның ішінде Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Бұл үлкен мәселе деп білемін, көптеген мемлекеттерде бұл қадамдар ескерілген. Мемлекет басшысының партиядан тыс болуы партиялық алаңда бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Осыған дейін Президент партияның төрағасы болса, әкімдер жергілікті жерлердегі филиалдардың төрағасы. Саяси жүйеде монополизм орын алған еді. Енді кез келген партия бәсекелестік ортада жұмыс істей алады», - деді М. Бақтиярұлы тілшілер сауалына жаупа бере отырып.

Сонымен қатар сенатор, Жолдауда қамтылған пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылар мүддесінің ұлттық және өңірлік деңгейде көрініс табуына пікір білдірді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.

Депутаттың пайымынша, бұл өз кезегінде жақсы үрдіс болады.

«Қоғамда Сенатқа байланысты түрлі пікір бар. Президент осы кезеңде Сенаттың қажет екенін, өзінің рөлін атқарып келе жатқанын атап өтті», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді.

Мемлекет басшысы тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн болатынын айтты. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдағанын жариялады. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылмақ. «Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді», - деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санайтынын айтты.

«Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.