Павлодарда қайнысы жүкті жеңгесін өлімші етіп сабаған

0
461

Қатты соққыдан әйелдің бас сүйегінде көлемі 8-9 сантиметрдей жарық пайда болған.


Павлодарда қайнысы жүкті жеңгесін өлімші етіп сабаған

Павлодар қаласында 28 жастағы Гүлмерей Қарсыбаеваны күйеуінің інісі қатты соққыға жыққан. Басы жарылып, миы шайқалған келіншекті дәрігерлер кесір тілігі арқылы босандырғанмен, іштегі тоғыз айлық баласы өлі туған. Басынан өткен оқиғалардың кейбірі қазір әйелдің есіне түспей отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Астана» телеарнасы хабарлағандай, қазір зардап шеккен әйел ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, қатты соққыдан әйелдің бас сүйегінде көлемі 8-9 сантиметрдей жарық пайда болған.

«Науқастың басындағы жарықтың көлемі 8-9 сантиметрдей болды. Біз оның зақымданған бөлігін алып, орнын тіктік. Бас ми жарақаты кезінде есін жоғалту қалыпты құбылыс. Уақыт өте келе біртіндеп қалыпқа келеді», - дейді Павлодар қалалық ауруханасының дәрігері Дәурен Сафиулла.

Полиция жеңгесін ұрып-соққан жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Күдікті қамауда отыр. Қылмыс жасаған кезде ол есірткі қолданғаны белгілі болып отыр.

«Полиция кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу бастады. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті қамауда. Есірткіге мас күйде болған ол үлкен ағасының жұбайына дене жарақатын салғаны анықталды. Жарақат алған әйел ауруханада. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілмейді», - дейді қалалық полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Салатов.