Мектеп мұғалімі Whats App-тағы топтардың бірінде оқушысының балағат сөз жазып, тіл тигізгенін жеткізді.
ERNUR.KZ. Павлодар қаласында мұғалім Whats App-та балағат сөз жазған оқушының үстінен полицияға арыз түсірді, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, шағым бірнеше күн бұрын түскен. Мектеп мұғалімі Whats App-тағы топтардың бірінде оқушысының балағат сөз жазып, тіл тигізгенін жеткізді. Оны басқа оқушылар да көрген.
Полиция оқушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша хаттама рәсімделді. Осы құқық бұзушылық үшін кәмелет жасқа толмаған баланың ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 7 айлық есептiк көрсеткiш (22 260 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.
Материал Павлодар облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.
Айта кетері, биыл кәмелетке толмағандардың ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 33 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.