Ол 36 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты.
ERNUR.KZ. Павлодар облысында көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілерді қағып, жол-көлік оқиғасы орнынан ізін суытқан, деп жазады Polisia.kz.
Бұл факті 27 мамырда сағат 23:30-да Ертіс – Северное тас жолының 27-шақырымында, Ертіс ауданы Иса Байзақов ауылының маңында болды. Ваз-21213 көлігінің жүргізушісі жол бойында өздерінің Mercedes-Benz автокөлігінің жанында тұрған екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 62 жастағы жаяу жүргінші алған жарақаттарынан көз жұмды, ал 38 жастағы ер адам жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Осы оқиғаға байланысты полиция жылдам арада ұстап алу жоспарын енгізді: барлық аумақтық полиция бөлімшелері мен жақын облыстарға бағыттамалар берілді. Полиция қызметкерлері ТЖО, гараж массивтері мен ауылдарды тексерді.
«Іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, ұстады. Ол 36 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, ол қорқып, жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кету фактісі бойынша тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі.