Ол қарамағындағы қызметкерлерге қатысты жемқорлық дауы болып, жұмыстан шыққан.
ERNUR.KZ. Павлодардың бұрынғы әкімі Ержан Иманзайыпов Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына басшы болды, деп жазады stan.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, Павлодардың бұрынғы әкімін жаңадан тағайындау туралы өкімге аймақ басшысы қол қойған.
Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде облыс әкімінің өкімімен Ержан Иманзайыпов Павлодар әкімі қызметінен кеткен еді. Сол уақытта қарамағындағы қызметкерлерге қатысты жемқорлық дауы болып, жұмыстан шыққан.
Ержан Иманзайыповты қызметтен алып тастамас бұрын, өңір әкімі Асаин Байханов Павлодар активімен кездесуде қарамағындағылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты тиісінше ұйымдастырмау, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуын талап ететін бақылаудың болмауы, сонымен қатар қала әкімдігінің Павлодар халқымен коммуникациясының әлсіреуі деген сын-пікірлер қызметтен босатуға себеп болғанын айтады.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде Асаин Байханов мәжіліс отырысында “Павлодар әкімі жұмыстан шығарылуы оның көмекшісіне қатысты тергеу басталуына байланысты ма?” деген сұраққа жауап берді. Қала әкімі өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ақпаратына сай ешкім қамауға алынбағанын хабарлады.
40 жастағы Ержан Иманзайыпов әр жылдары Павлодардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде, Индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және ТКШ істері комитетінде, табиғи монополияларды реттеу агенттігінде жұмыс істеді.
Сонымен бірге Ақмола облысының табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2014 жылдан 2017 жылға дейін Павлодар әкімінің орынбасары, Екібастұз әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.
2019 жылдан 2020 жылға дейін Екібастұз қаласының әкімі, кейін Павлодар басшысы болды.
Еске салайық, 2023 жылдың 12 қыркүйегінде Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков болды. Осы тағайындауға дейін ол Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.