Педиатр дәрігер: жеңіл ЖРВИ белгілері, мұрынның бітелуі, жеңіл анемия екпе салдыртуға қарсы көрсетілім болып табылмайды

0
92

Қазіргі таңда ата-аналар ақпаратты көбіне әлеуметтік желіден алады.


Педиатр дәрігер: жеңіл ЖРВИ белгілері, мұрынның бітелуі, жеңіл анемия екпе салдыртуға қарсы көрсетілім болып табылмайды

ERNUR.KZ. №13 қалалық емхананың жедел медициналық көмек бөлімшесінің меңгерушісі, педиатр дәрігері Нарғыз Тоқсейтова ОКҚ алаңында балаларға екпе салдыруға қатысты негізгі қиындықтар жайында ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, ең негізігісі — ол сенімсіздік.

Қазіргі таңда ата-аналар ақпаратты көбіне әлеуметтік желіден алады. Ол жерде дәлелсіз, жалған ақпарат өте көп. Сондықтан кейбір ата-аналар вакцинадан бас тартып, оның зияны бар деп ойлайды.

«Екінші мәселе — қорқыныш. Көптеген ата-аналар вакцинадан кейін асқыну болмай ма, балаға зиян келмей ме деген сұрақтарды жиі қояды. Үшіншісі - медициналық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Кейбір ата-аналар вакциналаудың алдын алу шарасы екенін толық түсінбейді. Тағы бір себеп – діни көзқарастар. Осындай жағдайда біздің міндетіміз — дұрыс ақпарат беру және сенім қалыптастыру», – деді дәрігер.

Сонымен қатар ата-аналар ғаламтор кеңістігінде екпелер туралы жиі жарияланатын жағымсыз пікірлерге қатысты сұрақтар қояды. Айта кетерлігі, хайп әрқашан назар тартады. Салдарынан адамдар екпенің нақты пайдасын көре алмайды, кез келген жанама әсерге шамадан тыс мән береді және вакцинадан кейін болған әсерді соған сілтейді.

«Біз әр ата-анаға вакциналау процесінің қауіпсіз екенін түсіндіреміз. Ең алдымен, әрбір вакцина алдында бала міндетті түрде дәрігердің қарауынан өтеді. Баланың жалпы жағдайы, дене қызуы, қарсы көрсеткіштері бағаланады. Содан кейін ғана вакциналау жүргізіледі. Біз ата-аналарға вакцинаның өзін көрсетеміз, оның атауын, жарамдылық мерзімін түсіндіреміз. Біз ештеңені жасырмаймыз, керісінше толық ашықтық принципін ұстанамыз. Сондай-ақ вакцинадан кейін болуы мүмкін жанама әсерлер туралы алдын ала айтамыз»,- деді Нарғыз Тоқсейтова.

Ата-аналарға вакцинадан кейінгі жағымсыз көріністер міндетті түрде түсіндіріліп, бақылауға алынады. Мысалы, жеңіл ЖРВИ белгілері, мұрын бітелуі, жеңіл анемия, сияқты жағдайлар екпе салдыртуға қарсы көрсетілім болып табылмайды. Қазіргі клиникалық нұсқаулықтарда арнайы бөлім бар — «жалған қарсы көрсетілімдер». Бұл дәрігерлерге вакциналауды негізсіз кейінге қалдырмауға көмектеседі.Өкінішке қарай, тәжірибеде жалған медотводтар да жиі кездеседі. Яғни нақты көрсетілімсіз вакциналаудан уақытша босату беріледі. Бұл балаларды қорғаусыз қалдырады және инфекциялық ауруларға шалдығу қаупін арттырады.

Маңыздысы — вакциналау туралы соңғы шешімді педиатр қабылдайды. Дәрігер клиникалық жағдайды бағалап, ресми нұсқаулықтар мен дәлелді медицинаға сүйенуі тиіс. Сондай-ақ вакциналауға арнайы дайындық қажет емес. Алдын ала анализдер тапсыру, антигистаминді препараттар беру немесе «иммунитет көтеру» шаралары қажет емес және олардың тиімділігі дәлелденбеген. Сөз соңында педиатр маман вакцина аутизмге әкеледі деген пікірді жоққа шығарды.