Педофилияның ауыр фактілері туралы хабарламағандар да жазаға тартылады.
ERNUR.KZ. Педофилдік қылмысты жасырған ата-ана 6 жылға сотталуы мүмкін. Ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту туралы заң жобасын таныстырған ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов осындай мәлімет айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі заңда сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен террористік акт дайындалып жатқанын немесе жасалғанын жасырып қалғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Енді кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстардың дәлелін жасыру немесе қолдан жасау әрекеттері де жауапкершілік арқалайтын болады. Педофилияның ауыр фактілері туралы хабарламағандар да жазаға тартылады. Бұл ауыр қылмысқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Яғни, ол жауапкершілік балаларға сексуалдық зорлық жасау фактілерін жасырып қалған мамандандырылған балалар мекемесінің қызметкерлері мен басшылығына артылады. Дәл осындай жауапкершілік баланың асыраушысы мен ата-анасына да жүктеледі», - деді Марат Ахметжанов.