Пенжімдегі тәртіпсіздік: тағы бір адамның зардап шеккені анықталды

0
537

Пенжім ауылында болған оқиға желіде әлі де қызу талқыланып жатыр. Ал ауыл тұрғындарының пікірінше, әлеуметтік желіде оқиға тым әсіреленген.


Пенжімдегі тәртіпсіздік: тағы бір адамның зардап шеккені анықталды

ERNUR.KZ. Пенжімде жаппай төбелес кезінде тағы бір адамның зардап шеккені анықталды, деп жазады sputnik.kz.

27 қазан күні жасөспірімдер арасында сөзге келіспеуден басталған төбелес кезінде олардың бірі ауыр жарақат алды. Сонымен қатар 1967 жылы туған ер адамның да зардап шеккені анықталды.

Полициядағылар оның жасөспірімдердің бірінің атасы екенін айтты.

"Зардап шеккен екі адам да ашық бас сүйек-ми жарақатын алған. Жасөспірімге хирургиялық ота жасалды. Қазіргі күні оның жағдайы тұрақты. Ол ем қабылдап жатыр және есін біледі. Екінші пациенттің жарақаты орташа ауыр", - деді Панфилов аудандық ауруханасы дәрігерінің орынбасары Ержан Қожахметов.

Пенжім ауылында болған оқиға желіде әлі де қызу талқыланып жатыр. Жергілікті мәдениет үйінде тұрғындармен аудан басшысы Талғат Өмірәлиев, әкімшілік, құқыққорғау қызметкерлері мен мұғалімдер кездесу ұйымдастырып, соңғы жағдайды талқылады. Көпшіліктің пікірінше, әлеуметтік желіде оқиғаны әсірелеп жіберген.

"Мен ауыл ақсақалдарын, тұрғындарды балаларды бір-бірін сыйлауға тәрбиелеуді сұраймын. Сіздер көрші, әріптес, құда-жекжатсыздар. Сіздер қуанышты да, қайғыны да бөлісіп келдіңіздер. Осы құндылықтарды балаларға мұра етіп қалдыруларыңыз керек", - деді аудан басшысы.

Пенжім аулындағы тәртіпсіздік

Алматы облысының полициясы 27 қазанда 16 жастағы жасөспірім дене жарақаттарымен мектептен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Анықталғандай, екі оқушының арасында жанжал басталып, оның арты төбелеске айналған. Соның салдарынан жасөспірім зардап шекті.

Полиция ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлімі – "Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша қылмыстық істі тіркеді. Төбелеске қатысқандардың барлығы анықталды.

Әлеуметтік желіде Пенжім ауылында болған төбелес пен тәртіпсіздік видеосы тараған болатын. Кадрда елді мекенде тәртіпсіздіктер кезінде әдейі өрт қою жағдайлары да болғаны көрінеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ресми өкілі Майя Бекбаева Алматы облысының Пенжім аулында болған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Ауыл тұрғындары арасында ұлтаралық қақтығыс болмағанын және болмайтынын ерекше атап өткім келеді. Жергілікті тұрғындар – қазақтар да, ұйғырлар да дос әрі көрші, олардың барлығы бейбіт әрі тыныш өмірді қалайды", - деп жазды Майя Бекбаева Facebook-те.

Қазіргі уақытта Пенжім аулындағы жағдай тұрақты.