Перизат Қайрат сәнгер мамандығын меңгере алады

0
100

2025 жылғы қазанда ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның қабілет-дағдысына және мекемедегі бос орындардың бар-жоғына қарай шешілетінін айтқан.


Перизат Қайрат сәнгер мамандығын меңгере алады

Tengrinews.kz/ Санжар Мұстафин

ERNUR.KZ. Қайырымдылық қорын басқарған Перизат Қайрат алаяқтық үшін 10 жылға сотталды. Алайда содан бері колониядан оған жұмыс табылмай отыр, деп жазады tengrinews.kz.

2025 жылғы қазанда ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның қабілет-дағдысына және мекемедегі бос орындардың бар-жоғына қарай шешілетінін айтқан.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) ресми мәлімдемесінде Перизат Қайраттың әлі күнге дейін жұмыссыз екені белгілі болған.

"Сотталған азаматша сот шешіміне сәйкес мекемеде жазасын өтеп жатыр. Қазір мекемеде бос жұмыс орындары болмағандықтан, ол жұмыс істемейді", - делінген жауапта.

Перизат Қайрат колонияда нені меңгере алады?

ҚАЖК Перизат Қайрат қай колонияда жазасын өтеп жатқанын атаудан бас тартқан. Дегенмен, комитеттің мәліметінше, сотталғандар 48 түрлі мамандықтың бірін игере алады. Мәселен, колонияда аспаз, сәнгер, ара өсіруші сияқты кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, 34 бағыт бойынша қысқамерзімді курстар да қарастырылған.

Комитет өкілдерінің айтуынша, сотталған әйелдер арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: тігінші, шаштараз, визажист, кондитер, пішуші-тігінші.

"Әркімнің еңбек етуге, сондай-ақ қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдауға құқығы бар", - деп қосты комитет.

Еске салайық, Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Еске салайық, биыл 25 шілдеде Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Перизат Қайраттың анасы 7 жылға сотталды.